KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, Ю
488.91 532.62 5

Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші халықаралық медиа-форумы Астанада өтті

18.11.2013, 18:00 70


Төзімділік пен ұлтаралық қарым-қатынастың қазақстандық үлгісі, сонымен қатар, әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы ынтымақ пен бірлікті қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тақырыбы Қазақстан халқы Ассамблеясының Астанада өткен бірінші халықаралық медиа-форумының негізгі тақырыбы болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Мұндай халықаралық деңгейдегі шараның Қазақстанның астанасында өтуі әсте тегін емес. Тек үстіміздегі жылдың өзінде-ақ ұлтаралық қарым-қатынастың қазақ-стандық үлгісін зерттеп, тәжірибе алмасу үшін әлемнің 15 мемлекетінен делегация келген екен. Оның ішінде Қытай, АҚШ, Ресей, Түркия сынды мемлекеттердің де делегациясы бар. Семинарға қатысушы, Солтүстік Каролина (АҚШ) университетінің журналистика мен бұқаралық коммуникация саласындағы философия докторы, Назарбаев университетінің доценті, жазушы әрі публицист Хэла Фостердің айтуынша, қазақстандық төзімділік әлем қауымдастығы үшін жұмбақ болып отырған көрінеді. Жүздеген әртүрлі ұлт өкілдері бір жерде тату-тәтті тіршілік етуімен бірге, әрбір ұлт өкілдері өз дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалуда. Фостердің және форумға шақырылған басқа да халықаралық сарапшылардың пікірінше, бұл ел Президентінің тәуелсіздік алған кезден-ақ сауатты жүргізіп келе жатқан саясатының арқасында мүмкін болып отыр.

Медиа-форумға тек БАҚ өкілдері ғана емес, Парламент депутаттары мен министрлік өкілдерінің қатысуын мемлекеттің Қазақстан халқының бірлігі мәселесіне бейжай қарамайтынының тағы бір көрінісі деп те айтуға болатындай. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев форумға қатысушыларды құттықтап, тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде еліміздің айтарлықтай жетістіктерге жеткенін ерекше атап айтты. Әрине, осынау ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетуде БАҚ-тың қосқан үлесі зор. Журналист – қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуда негізгі тұлғаға айналды.

Масс-медиа өкілдерінің рөлін өз сөзінде Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ЮНЕСКО кафедрасының профессоры Әділ Ахметов та ерекше атап айтты.

Форумның пленарлық отырысында қазақстандық азаматтық қоғам үлгісі және этносаралық қарым-қатынас туралы да түрлі пікірлер айтылды. Қатысушылар тіпті, қазақстандық толеранттылықтың өзіндік формуласын да жасап шығарды. Бұл термин көбіне «төзімділік» дегенді білдіріп жүр,
бірақ Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері бұл сөздің мағынасы бұдан әлдеқайда кең деп санайды.

Пікірталас алаңында:
– Біз бір-бірімізге «төзіп» жүрміз бе? Бұл анықтама біздің еліміз үшін дөп айтылған сөз емес. Қазақстандық толеранттылық – бұл тату көршілік, достық пен өзаратүсінушілік, – деген пікірлер де айтылып қалды.

Форумның пікірталас алаңында облысымыздың атынан қатысқан өкілдер де өздерінің ойларын ортаға салды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы дегеніміз не? Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко бұл мәселенің жауабын мемлекет басшысының өзі баяғыда-ақ беріп қойғанын жеткізді.

– Ассамблея дегеніміз, бұл – 17 миллион қазақстандық. Біздің барлығымыз әртүрліміз, бірақ ол неміс, корей немесе украиндық болсын, қазақстандық деген ұғым қалыптасқан.

Қазақстанда 40-қа таяу этникалық БАҚ бар. Қазақстандық патриоттықты қалыптастыру мен тұрақтылықты сақтау негізінен осы БАҚ мойнына жүктелген. Осы орайда облыстық «Рудный Алтай» газетінің журналисі Ольга Шабалина Шығыс Қазақстан облысының ақпарат құралдарында этносаралық қарым-қатынасты жазу үрдісі жайында форумға қатысушыларға баяндап берді. Жалпы, бұл салада біздің облыстың тың жобалардың бастамашысы екенін де естен шығармау керек. Мұны «Қоғамдық келісімді нығайтудағы қазақстандық журналистиканың міндеті» атты пікірталастың модераторы да өз сөзінде атап көрсетті. Барлық бастама Шығыстан бастау алады. Алғашқы Достық үйі, бірінші Ассамблея, бірінші этноауыл секілді басқа да жобалар Шығыс Қазақстанда еліміз бойынша ең бірінші қолға алынды. Біздің көптеген жобаларды бүгінде басқа аймақтар да қолдап, үн қосуда.

Форумда «Шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Жалпы, мұндай деңгейі жоғары шаралардың журналистердің көптеген дүниелерге өзіндік көзқарасы қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз. Осындай шаралардың пайдасы да осында болса керек.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив