KZ
Өскемен
-15°
переменная облачность жел 1 м/с, С
494.95 525.49 5.05

Шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі өткір тұр

30.09.2013, 18:00 121


Аягөз ауданында жергілікті шаруа қожалықтарының басшыларымен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шаруашылықтарды ірілендіру мәселесін тағы да тілге тиек етті. Ұсақ шаруашылықтардың бірігуі олардың дамуына соны серпін бермек, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы ат басын алдымен Сарыарқа ауылдық округіндегі «Саржайлау» шаруа қожалығының алқабына бұрып, мұндағы күзгі жиын-терін жұмыстарының барысын бағамдады. Қожалық жетекшісі Ғабдыманат Бекентұров 350 гектар жерге бидай еккенін айтады, түсімі жаман емес. Округ әкімі Бекболат Ахмешовтің пайымынша, биыл жауын-шашынның молдығынан астық бітік шыққан, соңғы рет мұндай өнім ауданда осыдан он жыл бұрын алыныпты.
Шаруа қожалықтарының техникасы жеткілікті болғанымен, басым көпшілігі әб-ден ескірген екен. Десек те, лизинг арқылы тракторлар мен комбайндар жаңартылып келеді. Сондай-ақ, науқан кезінде шаруалар үшін сұйық отын арзандатылған бағамен босатылады. Қожалық жетекшілері үшін басты мәселе дайын өнімді лайықты бағамен өткізу болып отыр. Алыпсатарлар мен делдалдар бидайды нарықтағы құнынан төмен бағаға сатып алатын көрінеді.

Шаруашылықтарды ірілендіру мәселесі өткір тұрМұнан кейін облыс әкімі Ақши ауылдық округіндегі «Майжан Ақшоқы» шаруа қожалығының егін алқабына барып, жергілікті шаруа қожалықтарының жетекшілерімен жүздесті. Осы жерде аудан басшысы Нұрбол Нұрғалиев әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы қысқаша мәлімет беріп өтті. Оның айтуына қарағанда, ағымдағы жылы өңірдегі егін алқаптары 17 мың гектардан 22500 гектарға ұлғайып, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 40 пайызға өскен. Мониторинг деректері бойынша негізгі азық-түлік тауарларының құны тұрақты қалпында қалуда. 400-ден астам жұмыс орны ашылып, тіркелген жұмыссыздар үлесі бір пайызға кеміпті. Ал астықтың өнімділігі гектарынан 15 центнерді құрап отыр. Бұл – топырағының құнарлығы орташа өңір үшін жақсы көрсеткіш.

Облыс әкімі қожалықтар жетекшілерін ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бағдарламаларды барынша пайдаланып қалуға шақырды. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған түрлі бағдарламалар бойынша кәсіпкерлердің жеңілдетілген несие, жаңа техника, асыл тұқымды мал алу мүмкіндіктері бар. Аймақ басшысы, сондай-ақ, отарлы мал шаруашылығын өркендету, шағын шаруашылықтарды ірілендіру қажеттілігі туралы да атап өтті. Себебі, қазіргі кезде ауданда 1400 шаруа қожалығы бар екен. «Синоптиктер биыл қыс ерте басталып, ұзаққа созылатынын айтуда» деген ол жемшөпті әркез молынан жинау керектігін де еске салды.

Ержан Әбіш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу