KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 1,3 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Зайсан ауданы өз өнімдерін Өскемен жәрмеңкесіне молынан әкеліпті

29.07.2013, 18:00 135


ШҚО Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен қолға алынып, игі дәстүрге айналған Өскемендегі жәрмеңке апта сайын жалғасын тауып келеді. Бұл жолғы жәрмеңкеге Зайсан ауданы өз өнімдерін молынан әкеліпті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Әдеттегідей Металлургтердің мәдениет сарайының алдында ұйымдастырылған жәрмеңкеде 22 бас ірі қара, 2 жылқы, 25 қой еті, сондай-ақ, «Ынтымақ К» шаруа қожалығының бес жарым тонна картобы, «Восток» шаруа қожалығының 12 тонна көкөнісі мен «Өркен», «Нұр» қожалықтарының ет өнімдері саудаға түсті. Одан бөлек мұнда 1500 келі құрт, ірімшік секілді сүт өнімдері де әкелініпті. Бұл өнімдер Зайсан ауданының Қаратал, Кеңсай, Айнабұлақ, Дайыр, Шілікті және басқа да ауылдық округтерінен жеткізіліп отыр екен.

Зайсан ауданы өз өнімдерін Өскемен жәрмеңкесіне молынан әкеліптіЗайсан ауданы өз өнімдерін Өскемен жәрмеңкесіне молынан әкеліпті

– Ауа райының қолайсыздығына қарамастан халық ертемен келіп, сауда жасап, өздеріне қажет дүниелерін сатып алды. Өйткені, мұндағы өнімдердің бағасы базармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сондықтан біз әкелген тауарлардың бәрі лезде сатылып жатыр, – дейді Зайсан аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Сабыр Әндірбаев.

Рас, қаптарын толтырып, сауда жасап қайтқан тұрғындар саны аз болмады бұл күні.

– Біз әр апта сайын өтетін жәрмеңкені асыға күтеміз. Халық үшін аса пайдалы, игілікті мұндай шаралардың жалғаса бергенін қалаймыз. Өйткені, әр сенбі сайын жәрмеңкеден қалмаймыз. Қажет өнімдердің бәрін төмен бағада тек осы жерден сатып аламыз, – дейді өскемендік Ләззат Қожахметова.

9 ауылдық және бір қалалық округтің шаруа қожалықтары белсене қатысқан жәрмеңкеге азық-түлікпен қоса ауданның экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштерін әйгілейтін баннерлер де әкелініпті. Арнайы тігілген қазақ үйде қолөнер бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылып, спорт ойындарынан шағын жарыс өтті. Қысқасы, бұл жолғы жәрмеңке жұртшылыққа нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ, қайырымдылық акциясы аясында жүзге жуық адамға тегін тамақ таратылды. Жәрмеңкеден соң зайсандықтар аудан әкімдігінің қолдауымен «Үміт» балалар үйі мен қаладағы қарттар үйіне барып, көмек ретінде бағалы сыйлықтар табыстады.

Мұнымен зайсандықтардың облыс орталығына ұсынар кәдесі аяқталған жоқ. Түстен кейін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бас ғимаратында концерттік кеш өтті. Мәдени шараға Зайсан ауданынан шыққан есімі елімізге белгілі тұлғалар қатысып, өнерлерін ортаға салды.

– Ауданның мәдени күніне орай өнерпаздар мен шаруа қожалықтарының өкілдерін қосқанда 260-қа жуық адам облыс орталығына арнайы келдік. Шығыс Қазақстан облысы Әкімінің бастамасымен қолға алынған «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында жәрмеңкеге елімізге танымал өнер адамдары мен жазушы, спортшылар арнайы шақырылды. Осы мақсатта жерлестеріміз, елімізге еңбек сіңірген қайраткер, әнші Дәлел Уәш, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет және белгілі әншілер Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтер, жас опера әншісі Ұлпан Әмірбекқызы бүгін Өскеменге келіп, өнерлерін көрсетті. Біз қала мен ауыл арасын жалғаған жәрмеңкенің алдағы уақытта да жалғаса бергендігін қалаймыз, – деді Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрат Дүйсенбаева.

Меруерт Молдағалиева
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив