KZ
Өскемен
+21°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

ЮНИСЕФ балалар қоры Семейдегі мүмкіндігі шектеулі балғындарға қолдау көрсетуге ынталы

31.05.2013, 18:00 122


БҰҰ халықаралық ЮНИСЕФ балалар қоры Семей қалалық әкімдігінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамдағы орнын айқындап, денсаулығын нығайту мақсатында әлеуметтік бағытта жұмыстар атқаруға зор ынта білдіріп отыр, деп хабарлайды Altaynews.kz.

Соған орай Семей қалалық әкімдігінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету және балалардан бас тартуға қарсы шаралар бойынша Комиссия құру жөнінде сектораралық кездесу өткізілді. Кездесуді ашқан қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Ғалия Жақыпқызы бүгінгі басқосуға халықаралық ЮНИСЕФ балалар қорының өкілдері келіп отырғанын айта келіп, қазіргі күнде қаламызда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталып өтті. Сонымен қатар ЮНИСЕФ тарапынан осы бағытта «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің қолданыстағы модельдерін таратудың бес қадамы» атты пилоттық жобаны жүзеге асыратын комиссия құру жайы кеңінен талқыланды.

Денсаулық сақтау, әлеуметтік сала өкілдері, қалалық әкімдік қызметкерлері қатысқан жиын барысында сөз алған БҰҰ ЮНИСЕФ балалары қорының Қазақстандағы өкілдігі басшысының орынбасары Радослав Жехак ізгі мақсаттағы кездесуге шынайы ризашылығын білдіре келіп, бүгінгі күнде аталмыш қордың пилоттық жобалары елімізде кеңінен қанат жая бастағандығын тілге тиек етті. Бұған дейін Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларында жұмысын белсенді жүргізе бастаған ЮНИСЕФ-тің Семейден де үміті зор. Дегенмен, ортақ мақсаттағы оң бастаманы жүзеге асыру бағытында құрылатын комиссия құрамын бекіту үшін әлі де біраз жұмыс жүргізу қажет. Өйткені, әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасына мән беру басты орында тұрады. Ең бастысы мүмкіндігі шектеулі балалардың көңіліндегі кірбіңді ыдыратып, оның қоғамдағы еркіндігі мен құқығының қорғалуын қадағалайтын комиссия жоғарыда айтылған бес қадам аясындағы пилоттық жоба негізінде жұмыс істеуі тиіс. Ал, жоба ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау, Денсаулық, Білім және ғылым, Ішкі істер, Әділет министрліктерінің біріккен бұйрығы бойынша бекітілген. Сол себептен де комиссия құрамына аталмыш министрліктерге қарасты мекемелердің бөлім басшыларын енгізу көзделіп отыр. Комиссия негізінен балаларды әлеуметтік қорғау қызметінің сапалы деңгейде жүруіне баса назар аударуы қажет.

Сектораралық кездесу барысында Астана, Қарағанды, ШҚО-дағы бала құқығының қорғалу деңгейі, ата-ана құқығынан айырылғандар қатарының артуы, ІІД-де есепте тұрған балалардың сандық көрсеткіші де көрсетілді.

2011 жылғы деректе көрсетілгеніндей, интернатқа өткізілген бала саны жөнінен облысымыз 2-орында тұрса, ішкі істер бөлімінің есебінде де осы деңгейге шыққан. Ал, ата-ана құқығынан айырылғандар көрсеткіші бойынша 1-орында. Өзгесінен мойын озық тұрған Қарағанды 4-орынға, Астана қаласы 14-орынға дейін жылжығанда Шығыс Қазақстанның бұл тұрғыда «бағындырған биігі», әрине, алаңдатпасқа қоймайды.

БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының өкілдері бұдан өзге де жоспарларымен бөлісіп, қаламыздағы білім ошақтарында салауатты өмір салтын қалыптастыру тұрғысында өткізетін шаралар туралы да хабардар етті.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ



Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив