KZ
Өскемен
+22°
ясно жел 4 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Шағын техникалар үлкен сұранысқа ие

30.05.2013, 18:00 122


Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастамасымен Зайсан ауданындағы жаңадан салынып жатқан «Майқапшағай» бірыңғай бақылау-өткізу пунктінің аумағында Қытай Халық Республикасы ШҰАР аймағынан әкелінген шағын техникалар көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

Көрменің ашылу салтанатына екі мемлекеттің өкілдері, атап айтқанда, облыс әкімінің орынбасары Владимир Кошелев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің бастықтары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, фермерлер, көрші елдің Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық районы Алтай округі губернаторының орынбасары Ван-Шын-Пин, Жеменей аудандық мәслихатының хатшысы Бекен Қозшыбай, орынбасары Гүланса Сәду, Жеменей ауданының әкімі Жалын Нұрғамит қатысты.

Салтанатта сөз алған облыс әкімінің орынбасары Владимир Кошелев пен ҚХР ШҰАР Алтай округі губернаторының орынбасары Ван-Шын-Пин екі тараптар арасындағы осы кездесуге дәнекер болған көрменің негізгі мақсатына жан-жақты тоқталып, алдағы уақыттағы іскерлік, достық байланыстарды нығайтуға байланысты өз пікірлерін ортаға салды. Содан кейін көрменің ашылу рәсімін жасап, лентасын қиды.

Зайсан аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Ақ әжелер» клубының мүшелері қонақтарды шашу шашып қарсы алды.Екі мемлекеттің арасындағы іскерлік, экономикалық байланыс, ынтымақтастық жыл сайын нығайып, жан-жақты дамып келе жатқаны нақты атқарылған игілікті істермен айқындалуда. Республикадағы мұнайлы аймақтардың легіне қосылған Зайсан жерінде көршілес елде шығарылған ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі облыс деңгейінде алғаш рет өткізілуі екі арадағы мақсатты істердің өз деңгейінде жалғасын тапқанының көрінісі деуге болады.

Атап өтерлік маңызды жайт, екі тарап арасында Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыруға байланысты бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігі кеңінен талқыланды. Техникалардың қосалқы бөлшектері Қытайдан жеткізіледі. Сондай-ақ, облысымыздың аудандарына техникалар жеткізу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.

– Бүгінгі көрме – Қазақстан және Қытай арасындағы берекелі бірліктің нәтижесі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің бастамасын қолдап, оның іске асырылуына ұйтқы болды. Ауыл шаруашылығы техникаларының шағын көрмесі бірінші рет өткізіліп отырғанын атап айтамын. Бұл Зайсан мен Жеменей аудандары арасындағы экономикалық, мәдени, сауда-саттық, кәсіпкерлік ісінің дами түскеніне дәлел. Бүгінгі көрме осындай екіжақты байланыстың аясын кеңейтуге қолайлы мүмкіндік тудырып отыр. Осындай жақсы іс өз жалғасын таба береді. Осы уақытқа дейін Қазақстан азаматтары көршілес Жеменей ауданына визасыз бір күнге барса, екі елдегі екі аудан басшыларының ықпалымен енді визасыз үш күнге баруға мүмкіндік туды. Бұған Қытай жағы өз келісімін берді, екі айдан кейін мәселе толық шешімін табады. Осыған дейін екі тараптар арасындағы келісім бойынша Жеменей және Зайсан аудандары арасында ынтымақтастық байланыс тек екі аудан деңгейінде болса, енді үстіміздегі жылдың соңына дейін мемлекеттік дәрежеге жеткізіледі, – деді Жеменей ауданының әкімі Жалын Нұрғамит.

Көрмеге Қытай Халық Республикасындағы ШҰАР-дан шығарыл-ған алты компанияның ұсақ шаруа-шылықтарға арналған алпыс үш түрлі 65 техника қойылды. Облысымыздың әр ауданынан келген фермерлер мен шаруа қожалықтарының жетекшілері өздеріне қажетті техникаларды сатып алуға ниет білдірді. Көрмені тамашалаушыларға әрбір техника жөнінде Жеменей аудандық ауыл шаруашылық бөлімі партия ұйымының хатшысы Ақыл Қойбақ жете таныстырды. Әсіресе, картоп егетін, дәнді дақылдың тұқымын себетін, дән ақтағыш, қар күрейтін, жерді тегістейтін, орам шөптерді дайындайтын техникалар, жүгері дәнін оратын комбайн, жем тартатын, шөп турайтын агрегаттар көрмені тамашалаушылардың қызығушылығын тудырды. Осы көрмеде төрт техника сатып алынды.

– Бұл көрме облысымыздағы ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруашылық құрылымдары үшін өте тиімді. Күршім ауданындағы шаруашылықтар тамшылатып суару әдісін қолға алып отырғандықтан, осы көрмені тамашалауға 24 адамды бас-тап әкелдім, бес шаруа қожалығының жетекшісі шөп шабатын және басқа да өздеріне қажетті техникаларға тапсырыс берді. Бүгінгі көрме барысында 25 ат күші бар шағын тракторды сатып алуға келісім жасалды, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мамырбек Қалелов.

Қытайдан келген делегация және көрмені тамашалауға келген қалалар мен аудандардың өкілдері аудандық мәдениет үйі мен Зайсан қаласындағы музыка мектебі өнерпаздарының концертін тамашалады. Сонымен бірге аудандағы өнер мектебі шәкірттері жасаған техникалық модельдердің көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, аудандық тарихи өлкетану мұражайының мамандары Шілікті қорғанынан табылған «Алтын адам» бұйымдары туралы деректермен таныстырды.

Ардақ Бөлдекбай

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив