Глубокое кентіндегі Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте «Патриот болу – мақтаныш!» атты мектептермен клубтардың әскери жетекшілерінің облыстық семинары ұйымдастырылды.
Семинар жұмысына облыстық білім басқармасының бастапқы әскери дайындық жөніндегі маманы А.Н. Семенов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник М. Д. Садықов, Глубокое аудандық білім бөлімінің бастығы Е.Қ. Сиванбаева, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы А.Т. Чункунов және 40 жуық облыстың, ауданның білім ошақтарының әскери – патриоттық, әскери-спорттық клубтармен ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Іс-шараны білім бөлімінің бастығы Елғиза Қалиханқызы құттықтау сөзімен ашып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Облыстық білім басқармасының бастапқы әскери дайындық жөніндегі маманы А.Н. Семенов мектеп қабырғасында оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудің қыр-сырын әңгімелеп берді. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы А.Т. Чункунов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.М. Горохова әскери-патриоттық тәрбие беруде өткізілген шараларды тізбектеп берді. Әскери-патриоттық клуб жетекшілері жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Одан кейін «Мұрагер» әскери – патриоттық клубының мүшелері автоматты шашып қайта құрау, оқ толтыру, жараны таңу сынды тапсырмаларды уақытқа тапсырып, шеберліктерін көрсетіп, таңдай қақтырды. Уақытты қадағалап тұрған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Алмас Тілеуқабылұлы: «Бұл оқушыларды бүгін әскерге алып кетсе де дайын», - деп разылығын білдірді.
В.В. Фоминых облыстық семинарға қатысушыларға ауыр атлетика залын көрсетті. Оқушылардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалып, толық жабдықталған. Оқушылар зіл темірлер көтеріп, спортпен шұғылдануда.
Аудан мектептерінің әскери – патриоттық клубтарының әрқайсы өз стендтерін, жеткен жетістіктерінен хабар беретін материалдарын ұсыныпты. Сонымен қатар одан бөлек жергілікті суретшілердің суреттерінен көрме ұйымдастырылыпты. Көрмедегі табиғат суреттері көздің жауын алады, бір сәтке еніп кеткің келетіндей әсер беріп, өзіне тартады.
Семинарға қатысушылар мектеп ішіндегі Ауған соғысында қаза болғандарға арналған даңқ қабырғасына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Семинар соңында ҰОС жайлы сұрақтардан «Поле Чудес» ойыны өткізіліп, әр ойыншыға сыйлықтар таратылды. Семинарға қатысқан әрбір жан өзіне қажетті ақпарат алып, ой түйіп, серігіп қайтты.
ШҚО ақпараттық орталығы