KZ
Өскемен
+3°
переменная облачность Штиль
481.19 538.45 5.18

Өскеменде «Қазақстан барысына» облыстық іріктеу сыны аяқталды

19.05.2013, 18:00 345


Өскеменде Б.Александров атындағы Спорт сарайында «Қазақстан барысына» облыстық іріктеу сыны аяқталды , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.


Биыл қазақ күресі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» республикалық турнирі 30-маусымда Астанада өтпек. Шығыс Қазақстан облысының балуандары еліміздегі ең дүбірлі ұлттық додамызда үнемі жоғары деңгейден көрініп келе жатқаны жанкүйерлерге аян. Сондықтан болар, облыстық турнир өте тартысты өтті.

Өскеменде «Қазақстан барысына» облыстық іріктеу сыны аяқталды«Қазақтың қанынан бөлінбеген үш өнері бар: аламан бәйге, айтыс және қазақ күресі» деп ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов айтқандай, күрес десе делебесі қозатын жанкүйерлер алдында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков пен қазақ күресі облыстық федерациясының вице-президенті Амантай Қазымұлы балуандарға сәттілік тіледі. Оның айтуынша, соңғы кезде облыстың барлық аудандарында қазақ күресі федерациясының бөлімшелері құрыла бастаған екен. Бұл облыс аумағында ұлттық өнеріміздің тамырын кеңге жаюына септігін тигізбек.

Жекелеген салмақтарда белдесу аяқталған соң шығысқазақстандық жанкүйерлер асыға күткен түйе балуанды анықтау сайысы басталды. Бұл сында топ жарған балуан елордада Елбасы жүлдесі үшін облыстың намысын қорғайтыны белгілі. Бозкілемге алғашқы болып шыққан қарсыластар – семейлік Айбек Нұғымаров үржарлық Айбек Қалибековті таза жеңіспен ұтты. Былтырғы «Қазақстан барысының» қола жүлдегері А.Нұғымаров жуырда Шымкентте өткен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы турнирде абсо-лютті чемпион атанған. Ал Шығыстың намысын өте жоғары деңгейде қорғап жүрген Шалқар Жоламановтың кілемге шығуы жерлестері тарапынан үлкен қошеметке ұласты. Екі жыл қатарынан «Қазақстан барысында» қола және күміс белбеуді еншілеген Шалқар Абай ауданының тумасы Ерлан Конкиевті таза жеңді.

Бұдан кейінгі белдесу өскемендік Талғат Әміренов пен Абай ауданының балуаны Жастілек Тұрсынов арасында болды. Өскемендік жанкүйерлердің қолпаштауы дем берген болуы керек, Талғат әп-сәтте жартылай жеңіс ұпайын алып, көп ұзамай таза жеңіске қол жеткізді. Одан кейін кілемге Айбек Нұғымаров көтерілді. Еліміздегі ең үздік балуандардың бірі атанған Айбек қарсыласы үржарлық Еркебұлан Нұрахметовті бірден алып соқты. Барысқа тайсалмай беттеген Еркебұландікі де ерлік, әрине.

Бородулиха ауданының балуаны Мұсылманбек Қажымұқанов жартылай жеңіспен аягөздік Мақсұт Дайырбаевты жеңсе, Т.Әміренов бесқарағайлық Жарылғап Жүкей есімді жігітті айқын басымдықпен ұтты. Есесіне Семей білектісі Ерахмет Хасенов өскемендік Дулат Нұржановты жер қаптырды. Курчатов қаласынан келген Медет Жаманбалин зайсандық Руслан Қайролдановқа қайрат таныта алмады. Үндістанда Әлем кубогын иеленген аягөздік Айбек Сәметаевты семейлік епті балуан Мұхит Тұрсынов таза жеңіспен ұтып кетті.

Самбошы Еркебұлан Сапарғалиевты Азия біріншілігінің күміс жүлдегері, абайлық Мереке Тұрашев жартылай жеңіс ұпайымен ұтты. А.Нұғымаров М.Қажымұқановты ай-қын басымдықпен жеңді.

Жарыстағы ең тартысты күрестің бірі Т.Әміренов пен Е.Хасенов арасында өрбіді.

Екі жақ та бүк ұпайын еншілеген соң аңысын таба алмай, қосымша белдесу белгіленді. Мұнда Талғаттың мерейі үстем болды. Бір-бірін бұрыннан білетін құрдастар Ш.Жоламанов пен Р.Қайролданов арасын-дағы күрес те өте тартымды өтті. Алғашқы үш жарым минутқа дейін есеп ашылмады. Әккі балуан қоя ма, жартылай жеңіс ұпайын Шалқар еншіледі. Мұхит Мерекені жартылай жеңіспен, Айбек айқын басымдығын танытып, Талғатты таза жеңіспен ұтты.

Нағыз тартысты белдесулер енді басталады деп күткен жанкүйерлер кенет күтпеген жайттың куәсі болды. 18 дүркін түйе балуан, «Қазақстан барысының» күміс және қола жүлдегері атанған Шалқар Жоламанов боз кілемде жолы түйіскен Мұхит Тұрсынов ба-уырына ағалық жолын берді. Осылайша, ақтық сында Айбек пен Шалқардың жолы түйіседі деген кейбір көрермен жорамалы орындалмай қалды. Бас бәйгеге таласқан Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов арасындағы күрестің әдемі өткені соншалық, балуандарға басымдығын таныту қиынға соқты. Екеуі де бір ұпайдан еншілеп таразы басы тең тұрды. Бар күш-қайратты жұмсап жасаған әдіс төрешілер тарапынан сапасыз деп танылды. Қосымша белгіленген 3 минуттық уақытта да біршама арпалысып барып, Айбек үстем шықты. Ал Мұхитқа жолын берген Шалқар үшінші орын үшін өскемендік Талғатпен белдесіп, жеңіске жетті.

Сонымен Айбек биыл да «Шығыс барысы» атанды! Енді күллі шығысқазақстандық жанкүйер Айбек пен Мұхиттың Елбасы жүлдесі үшін елордада өтетін «Қазақстан барысы» дүбірлі додасында дара шығатынына сенім артады.

Думан Анаш

Суреттерді түсірген Е.Орынбаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив