Зырян ауданында шетелдерден атамекеніне оралған 88 отбасындағы 263 адам тұрып жатыр. Олардың барлығы да тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Көпшілігі өзінің жеке шаруашылықтарымен айналысып, ірі қара малын, қой және ешкі ұстайды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Олардың негізгі бөлігі Қытайдан көшіп келіп, Северный ауылдық округіне және Серебрянка қаласына қоныстанды. Сондай-ақ, Моңғолиядан келген алты отбасы Феклистовка ауылында тұрады, Ресейдің Алтай Республикасынан, Өзбекстаннан келген ағайындар да бар.
Олардың барлығы да тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Көпшілігі өзінің жеке шаруашылықтарымен айналысып, ірі қара малын, қой және ешкі ұстайды.
Мектеп жасындағы балалар мемлекеттік тілде оқытатын жалпы білім беретін мектептерде, алты студент жоғары оқу орындарында, біреуі колледжде оқып жатыр. Бес адам құрылыс және көлік колледжінде оқып, аспазшы мамандығын меңгеріп шықты. 58 адам тұрақты жұмысқа орналасса, он шақты адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Атаулы және тұрғын үй көмегін, жәрдемақы алатындары да бар.
Оралмандар мәдени-көпшілік іс-шараларына да белсенділікпен қатысып жүр.