KZ
Өскемен
+21°
ясно жел 3 м/с, З
479.05 534.57 5.17

Зейнетақының жаңа жүйесінде табысы төмен азаматтардың мүдделері ескеріледі

7.05.2013, 18:00 348


Кеше Өскеменге жұмыс сапарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов келді. Министр зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселесі бойынша Ұлан ауданындағы «Өскемен құс фабрикасының» ұжымымен кездесті , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жиналғандарға бұл кездесудің мәнін түсіндіріп, Шығыс Қазақстандағы осы саланың жағдайын қысқаша баяндаса, министр Серік Әбденов талқыға түсер мәселенің мән-жайын әріден тарқатты.

– Әрине, әйелдердің зейнеткерлік жасын көтеру қай-қайсымызды да алаңдататын жағдай. Шығысқа келерден бұрын алты өңірде болып, тү-сіндіру жұмыстарын өткіздік. Барлық кездесулерде бұл мәселеге халықтың ерекше мән беретінін білдік. Алайда, бұл шешімге Үкімет бір-ақ күнде келген жоқ. Әуелі қазіргі зейнетақы жүйесінің жұмысы зерделеніп, арнайы құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы сараптама жасады. Соның негізінде зейнетақы жүйесін жетілдірудің осы жолы таңдап алынды, – деген министр сәл шегініс жасап, жағдайдың неге бұлай болғанын түсіндірді.
Елдегі зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселесі 1998 жылдан бастап көтерілген.

Зейнетақының жаңа жүйесінде  табысы төмен азаматтардың мүдделері ескеріледіОған дейін барлық азаматтарға зейнетақы ынтымақты жүйе бойынша төленіп отырды. Ал бұл жүйенің орнын жинақтау қорлары ауыстыру керек болғанымен өтпелі кезеңде ынтымақты зейнетақы сақтала берді. Ендігі жерде ынтымақты жүйенің аясы тарылып, жинақтау қоры жүйесіне жол ашу тиіс. Оның үстіне жыл сайын азаматтардың 1998 жылға дейінгі қажетті еңбек өтілі азайған сайын ынтымақты зейнетақы мөлшері де кеміп келеді. Министр келтірген дерек бойынша елімізде 300 мыңнан астам азамат өз табысына қанағаттанбайтын көрінеді. Жаңа жүйеде олардың да мүдделері ескерілмек. Зейнетақы жинақтау қорлары жұмысының тиімділігі де көңіл көншітерліктей жағдайда емес екенін уақыт көрсетіп отыр. Әсіресе, жинаққа салған жарналардың инвестициялық табыстылығы төмен. Тіпті, жекелеген қорларда жинаққа аударылған ақша ешбір айналымға түспеген. Мұндай жағдайда зейнетақының өсімі жайында ойлаудың өзі артық. Бұдан әрі министр жүйенің негізгі үш бағытын атап, әр бағыттың ерекшеліктеріне тоқталды.

– Әйелдерге төленетін ынтымақты зейнетақы мөлшері 2018 жылдан бастап, ерлер үшін 2023 жылдан бастап қысқаратын болады. Елдегі кедейшіліктің алдын алу үшін Конституция негізінде тағайындалатын базалық зейнетақы болашақта да сақталады. Еңбекке жарамды халықтың тек 41 пайызы ғана зейнетақы жинақтау жүйесіне толық-
қанды қатысып келеді. Бұл дегеніміз, жұмысы бар халықтың 59 пайызы жинақтау қорларына тұрақты жарна аудармайды деген сөз. Былтырдың өзінде 750 мың жинақтау шотына ешқандай жарна түспегені анықталды. Жинақтау қорларын бірегейлендіру мәселесі осы себепті туындап отыр. Бірыңғай жинақтау қоры Халық банкі арқылы мемлекет тарапынан толық қадағалауда болады. Жыл сайын бұл қордың тиімділігі, әр азаматтың жинақ шотының инвестициялық табыс көрсеткіші сарапталып отырады, – деді Серік Әбденов.

Бірыңғай жинақтау қорының өзге де артықшылықтарын жіпке тізген министр нәзік жандардың бала күтіміне қатысты алатын демалысы зейнетақы көлеміне әсер етпей қоймайтынын алға тартып, жаңа жүйеде бұл аралықтағы шығынды бюджеттен субсидиялау қарастырылғанын жеткізді.

– Бұл жаңа жүйе қазақстандық ноу-хау емес, – деп ескерткен министр Норвегия, Швеция сынды бәсекеге аса қабілетті елдер-дің де осындай қадамға барып отырғанын алға тартты. – Бүгінгі жүйемен жүре берсек, орташа зейнетақы мөлшері 2018 жылға қарай 40 пайызға дейін азаяды. Ал жаңа жүйе-нің арқасында бұл бес жыл ішінде зейнетақы мөлшерін 36 пайызға өсіру мүмкіндігі бар.

Жаңа жүйенің құс фабрикасының ұжы-мына ұнаған тұсы үшжақты жауапкершілікті қалыптастыру мәселесі болды. Жұмысшы жинақ қорына тиісті жарнаны үнемі аударуға міндетті болса, жинақтау қоры ол жарнаның инвестициялық табыстылығын қамтамасыз етуі шарт. Ал жұмыс беруші қызметкерлерді жасына қарай шеттетпеуі тиіс. Жиын соңын-да министр фабрика жұмыскерлерін жас мөлшеріне қарай жіктеп, әр жас аралығындағы жұмыскерлердің зейнетақы мәселесі қалайша шешілетінін қарапайым тұрғыда түсіндірді.

– 1955-60 жылдар аралығында дүниеге келген азаматтар үшін ынтымақты зейнет-ақы сөзсіз төленеді. Ал 1960-80 жылдар аралығында дүниеге келгендер үшін ынты-мақты зейнетақы қысқара түспек. Сондықтан оларға базалық зейнетақы мен өз жинақ шотына үміттенгендері дұрыс. Ал 1980 жылдан бері қарай туылғандарға ынтымақты зей-
нетақы жүйесі бойынша бір тиын да төленбейді. Олар тек базалық зейнетақы мен жинақтаған жарналарына ғана сене алады, – деді Серік Әбденов.

Фабрика ұжымы тарапынан қойылған сауалдарға толықтай жауап берген министр «Зейнетке шығу жасын ұзарту арқылы жастардың жолын бөгемейміз бе?» деген сауалға ерекше тоқталды. Бұл мәселе бойынша министрліктің нақты болжамдары бар. Осы болжамдарға сәйкес жаңа жұмыс орындары қамтамасыз етілмек.

Есімжан Нақтыбайұлы
Суреттерді түсірген: Ғ.Сәбитов

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив