KZ
Өскемен
+17°
небольшая облачность Штиль
439.43 473.31 4.82

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті

25.04.2013, 18:00 159


Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ХХ сессиясы өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Сессия жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясының, Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары, саяси партиялар мен діни бірлестіктердің, шетелдік дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты. Шығыс Қазақстан облысының делегациясын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастап барды.

"Біздің сессиямыздың күн тәртібіне маңызды мәселе енгізіліп отыр. Ол – «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр». Неге біз бұлай айта аламыз? Өйткені, «бір халық» – бұл барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер. «Бір ел» – бұл барлығымыз үшін ортақ Отан. «Бір тағдыр» – бұл біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер! Бұл біздің ортақ келешегіміз – игілікті және өсіп-өркендеген Қазақстан! – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сессияның ашылу салтанатында.

Өзінің баяндамасында Мемлекет басшысы ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде бірлігіміздің бастауы болсын деп құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының биыл кәмелетке толғанын, осы аралықта ол өзінің өміршеңдігін көрсетіп, біздің бейбіт қоғамның ажырамас бөлігіне айналғанын, елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы болғанын атап айтты.
Бүгінгі таңда қазақстандықтардың «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға кіріскені белгілі. Елбасы өз баяндамасында бүгінде 2050 жылға дейінгі этносаралық саладағы стратегиялық болжамымызды қалыптастыруға толықтай негіз бар екенін де ерекше атап көрсетті. Қазақстанның 2050 жылы жұдырықтай жұмылған біртұтас халық, үлгілі ұлттық мемлекет болатынына мол сенім білдірді.

– Қоғамдық келісім тиімді инновациялық экономикаға негізделеді. Орта тап қоғамдық келісімнің діңгегіне айналады. Қазақстанның әрбір азаматы айқын перспективалар, болашағына сенімділік, кәсіби өсу үшін барлық мүмкіндіктерге ие болады. Мен мерейтойлық ХХ сессия қарсаңында қол қойған ҚХА-ны дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдама-сында осы мәселелер көрініс тапқан, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қоғамдық келісімнің әркім меншік иесі болғанда ғана іс жүзіне асатынына сенімділік білдіре келіп, өзінің Үкіметке «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырғанын, бұл бағдарламаға Ассамблеяның да белсенді атсалысуда екенін жеткізді.

Президенттің айтуынша, Ассамблеяны дамытуға «ЭКСПО-2017» көрмесіне әзірлік те қуатты серпін беруге тиіс. Көрмеге әлемнің ондаған елдерінен, оның ішінде қазақстандық этностар шыққан елдерден делегациялар қатысады және олар өздерінің үлкен мәдени бағдарламасын әкеледі.

Ассамблея, этномәдени бірлестіктер халық дипломатиясының жанды көпірі ретінде, көрменің этностық топтар жетістіктерінің жарқын көрінісіне айналуы үшін жағдай жасаулары керек.

«Қазақстан – біздің жеріміз, біз өз жеріміздің перзентіміз» деген Елбасы өз жеріміздегі бейбіт өмір үшін тікелей жауапты екенімізді де еске салды. Елбасының сөзімен айтқанда, «толеранттылық ұлттық құндылық және Қазақстан халқының игілігі болып табылады».

Елбасы Қазақстанда жүргізіліп отырған тіл саясатына да тоқталып, Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында бірде-бір этностың өз тілін жоғалтпағанын айта келіп, десе де «бүгінде ұлтты біріктіруші басты фактор қазақ тілі – мелекеттік тіл болып отыр» деді.

Бұл алқалы жиында дін мәселесі де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ.
– Біз дәстүрлі діндерді қолдаймыз, бірақ кез келген экстремизмді үзілді-кесілді теріске шығарамыз, – деген Елбасы жастарымызды бөгде радикалды ағымдардан қорғау қажеттігіне маңыз берді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз алғандардың арасында біздің жерлесіміз, Семей қаласындағы корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Наталья Тегай да бар еді. Ол өзінің сөзінде ұрпағымыздың ертеңгі жарқын болашағына деген сенімділігі үшін Елбасына үлкен алғысын жеткізді. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы тарапынан көтерілген бірнеше бастамалар жайында да баяндап берді.
– Сіз патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік туралы айттыңыз. Біздің Шығыста, міне, төртінші жыл қатарынан «Туған жерге – тағзым» акциясы өтіп жатыр. Осынау акцияның арқасында небір жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтерді. Осынау игі шараны бүкіл елімізге, бүкіл әлемге үлгі етуге әбден болады, – деді Наталья Тегай.

Сондай-ақ, Наталья Тегай «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты Шығыстан басталған республикалық теңдесі жоқ мегаакцияның жалғасын табуы қажеттігін де айтты. Өз сөзінің соңында Наталья Тегай Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздің барлық этномәдени бірлестіктерінің ұсынысы мен тілегі жазылған естелік кітапты сыйға тартты.

Сессия барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның белсенді мүшелерінің кеуделеріне «Қазақстан халқы Ассамблея-сының қоғамдық «Бірлік» алтын медалін» қадады.

Мерейтойлық сессия жұмысында Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы «бұл тек этностық азшылықтың өкілдігі» деген қалыптасқан пікірді өзгерту қажеттігін де еске сала кетті. Шындығында оның рөлі өте орасан. Қазақстан халқы Ассамблеясын ұлттар арасындағы қарым-қатынастың қазақстандық үлгісі деуге де болады. Қазақстан халқы Ассамблеясына тіпті БҰҰ мен ЕҚЫҰ сынды халықаралық ұйымдардың өзі үлкен қызығушылық танытып отыр.

– Ассамблея – бүкілхалықтық өкілдік! Нақ сондықтан Ассамблеяға өзім жетекшілік етемін! Нақ сондық-тан мен бүгінде Ассамблея ¬– бұл барлық 17 миллиондық қазақстан-дық дедім! – деді Елбасы.

Сессия жұмысы Үндеу қабылдаумен қорытындыланды. Үндеу Ассамблеяны қоғамдық келісім, мемлекеттік кемелдік, жауапкершілік пен ұлттық патриотизм ордасына айналдыруға, ізгілік пен ашықтық дәстүрлерін сақтауға, әр азаматтың елді гүлдендіруге белсенді үлес қосуы на шақырады.

Сессия соңында Мемлекет бас-шысы барша қазақстандықтарды келе жатқан үлкен мейрам – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, толағай табыс пен мықты денсаулық тіледі.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив