Ұлан ауданының Герасимовка ауылында аудандық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен мектепке дейінгі меке-мелердегі өзге ұлт өкілдері тәрбиеленушілері арасында «Біз қазақша сөйлейміз» атты аудандық сайыс өткізілді.
Оған 5-6 жастағы бүлдіршіндер қатысты. Байқау аудандық деңгейде өткендіктен, бүлдіршіндерге қойылған талаптар біршама жоғары болды. Құрамында мектеп директоры Дархан Маушанов, аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Шолпан Иқамбаева, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Құралай Кәрібаева бар қазылар алқасы байқауға қатысушылардың тіл байлығына, дауыс мәнеріне және сахнада өздерін ұстау мәдениетіне баса назар аударды. Мемлекеттік тілде өз ойларын еркін жеткізе білген балдырғандардың болашаққа деген ынта-ұмтылыстары оттай жанған көздерінен-ақ байқалып тұрды.
Балабақша бүлдіршіндері ән айтса да, өлең оқыса да, тек туған елін жырлаумен болды. Қазылар алқасының шешімі бойынша Денис Ярох «Көңілді бала», Кристина Акулова «Әнші балапан», Виктория Кобзелева «Тапқыр бала», ал Елизавета Парасочкина «Сүйкімді бүлдіршін» аталымдарымен дараланса, қалған қатысушылар мақтау қағазымен марапатталып, барлығына дерлік естелік сыйлықтар тапсырылды.
Елжан Қайырқанов