KZ
Өскемен
туман жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

ШҚО Винное ауылында асыл тұқымды арғымақтардың көрмесі өтті

7.04.2013, 18:00 126


Шығыс Қазақстан облысындағы Винное ауылында өңірдің ең сұлу жарау арғымақтары жұртшылықтың талқысына түсті. Осы жердегі ат спорты кешенінің жабық манежінде асыл тұқымды аттардың көрмесі мен саудасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Ауыздықтарымен арпалысқан тұлпарлардың орташа құны – 3-10 мың АҚШ доллары төңірегінде. Олардың арасында кезінде бірнеше бәйге жарысында алдына жануар шығармай, 5 бірдей автокөлікті иеленген Жадный атты жорға, «Қыс патшайымы» титулының иегері Неон Лайт, асыл тұқымды араб арғымағы Бахрейн, асау Африканец сияқты көздің жауын алған сәйгүліктер бар.

Көрменің ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда олар үшін ең маңыздысы – асыл тұқымды тұлпарлардың басын көбейту екен.

«Біз үшін ең бастысы – асыл тұқымды сәйгүліктердің базасын құру. Алайда Қазақстанда шаруашылықтың бұл түрі ешкімді қызықтырмайды, өкініштісі осы. Тұлпарларға қызығушылық танытқандардың көбі шетелден жарау атты сатып әкеп, бәйгеден озып шығып, сыйлық алғанды ғана ойлайды» дейді «Титан» өндірістік-коммерциялық фирмасының атқарушы директоры Михаил Осипов.

Көрме барысында «Титан» фирмасының кәсіпқой атқа мінушілерімен бірге осы кешенде ат спортымен айналысатын Винное орта мектебінің оқушылары да өз өнерлерін көрсетті. Ат құлағында ойнаған балалар астарындағы аттармен кедергілерден секіріп қана қоймай, тіпті сыған биін де билеп тастады.

Көрмеге жиналғандарға сүйріктей сұлу жануарлармен суретке түсіп, атқа мініп үйренуге рұхсат етілді.

Михаил Осипов осымен екінші рет өткізіліп отырған көрмені дәстүрге айналдыруды армандайды. Өйткені бұл шара коммерцияға емес, ат спортын кеңірек насихаттауға бағытталған екен.


Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив