Семей қалалық орталық кітапханада 2013 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндерге арналған «Шежіреге толы туған өлке» өлкетану оқулары өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz.
Өлкетану оқуларына қатысушылар 1913-1914 жылдары ірі сауда орталықтарының бірі саналған Семей қаласында құрылған ССК, “Олимп”, “Ласточка”, “Орлята” және “Ярыш” (Жарыс) атты алғашқы қазақстандық командалар тарихымен танысты. Кезінде құрамында Мұхтар Әуезов өнер көрсеткен «Ярыш» футбол командасы, қазақстандық футболдың дамуына ерекше үлестерін қосқан команданың ойыншылары жайлы кеңінен әңгімеленді.
100 жылдық тарихы бар «Ярыштың» төсбелгісі жайлы деректерді қатысушылар ерекше ықыласпен тыңдады. Төсбелгіні «Ярыштың» капитаны Юнус Нигматуллиннің туысы Р.Нигматуллина арнайы 2009 жылы Германиядан келіп, қалмыздағы татар мәдени орталығының мұражайына тапсырған екен. Өйткені, қазақ футболының тарихы мен сырына қанық осынау көне төсбелгі жас ұрпаққа бірден-бір ескерткіш және аманат болып қалмақ. Сонымен қатар, қазіргі семейлік «Спартак» футбол командасының тарихы, тәрбиеленушілері жайлы мағлұматтар айтылып, қызықты деректер келтірілді.
Осында тарихы тереңде жатқан Семейде елге танымал тұлғалар көптеп саналады. Солардың бірі Республикаға еңбек сіңірген қайраткер, артында тұрлаулы істер қалдырған бірегей тұлғаның бірі – Кешірім Бозтаев.
Шара барысында К. Бозтаевтың өмірбаяны, қоғамдық қызметі, Семей полиогонында ядролық сынақты жабуда сіңірген еңбегі, жетістіктері жайында кітапхана қызметкері баяндамасын слайд арқылы байланыстыра отырып қызықты әңгімелеп берді.
Шара барысында «Шежіреге толы туған өлке» көрмесі ұйымдастырылып, кітап, мерзімді басылымдар, библиографиялық құралдар қойылды. Көрме материалдары бойынша әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.
Тақырыптар бойынша арнайы слайд сүйемелдеуімен баяндамалар жасалып, видео және фотоматериалдар көрсетілді. Қатысушылар, әсіресе «Қазақстанның ядролық мұрасы» видеофильмін ерекше ынтамен көрді. Өлке тарихынан сыр шертетін мұндай кітапхана шаралары алдағы уақытта жалғаса бермек.
М.Маханбетова