KZ
Өскемен
+15°
туман жел 1 м/с, С
450.79 482.21 5.05

Қазақ футболына бір ғасыр толады

3.01.2013, 18:00 171


Ағымдағы жылдың басты ерекшелігі, қазақ футболының негізі қаланғанына бір ғасыр толады. 1913 жыл тарихта Семей қаласында алғашқы футбол командалары құрылып, дәл осы қалада халықаралық жарыс өткізілген жыл ретінде қалған, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұдан 100 жыл бұрын «Ярыш» футбол командасының құрамында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен бірге Ахметсәлім Кәрімов, Қасымхан Мұхаммедов, Салах Хисматуллин, Зиятдин Рыспаев, Мұхаммед Сайдашев, Юнус Нигматуллин, Әміржан Сыздықов, Ғабдулхан Ғаббасов, Мұхамедулла Құрманов, Гусман Ямбушев, Сабыржан Ахмедшин сынды жеткіншектер өнер көрсетті.

Семей қаласында футбол мерейтойын өткізу жөнінде құрылған ұйымдастыру комитеті кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеп, соны жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатыр. 300 орындық жабық футбол ма-нежінің техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізуге тапсырылған. Бұған қоса 12 шағын футбол алаңын салу жоспарланған.

Негізгі мерекелік іс-шаралары өткізілетін «Спартак» стадионын күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындау қолға алынды. Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында ойнайтын «Спартак» футбол командасының қала сыртындағы оқу-жаттығу базасы жеке инвестициялар есебінен салынбақшы. Сондай-ақ Семейдің бұрынғы «Елім-ай» (қазіргі «Спартак») құрамасының ардагерлері Мәскеудің «Спартак», Қазанның «Рубин», Алматының «Қайрат» командалары ардагерлерімен жолдастық кездесу өткізуі де қарастырылған.

Ал Семей мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақстан футболының тарихы. Проблемалары мен келешегі» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстан футболы-ның тарихына арналған көрме ұйымдастыру үшін материалдар жинау басталды.

Бұған қоса Қазақстанның және Семейдің футбол тарихы туралы кітап шығару, деректі фильм түсіру және мерекелік төсбелгі, сый-кәде, жалауша, футбол жейдесі сияқты рәміздерді дайындау шаралары пысықталды. Көктемде қала көшелерінен футбол тарихын дәріптейтін тақырыптық билбордтар көрініс табады.

Әлімжан Қадылбекұлы


Мәлімет көзі: Аltaynews.kz





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив