Семей мемлекеттік педагогикалық иститутының ректоры, профессор Мақтағали Бектемесов Венгрия мен Оңтүстік Кореяда жедел академиялық оқыту бағдарламасы бойынша дәріс алып қайтқан студенттермен кездесті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Жоғары оқу орнының басшысы жастарды қуанышпен қарсы алып, олардың шетелде оқып келген білімдерін келешекте Отан игілігі үшін пайдаланатындарына сенім білдіретінін айтты.
Венгрияның Яноша Кодолани атындағы қолданбалы өнер университетінде білімдерін ұштап қайтқан студенттер қазақ пен венгр халықтарының тарихы мен мәдениетінде ортақ мұралардың бар екеніне көз жеткізгендерін әңгімеледі. Екі елдің ғалымдары Венгриядағы қыпшақтардың өмірі мен Қазақстандағы мажарлардың тіршілігі жайында бірлескен ғылыми зерттеулерді ертеден жүргізіп келеді. Этвеш Лоранд атындағы Будапешт университеті мен Сегедск ғылыми университетінің жастары қазақ тілін үйренуге ден қойыпты. Қазақстандық жастардың айтысына қарағанда, екі халықтың ұлттық тағамдарында да ұқсастықтар көп екен.
«Өз елімізде жүргенде біздің жүріс-тұрысымыз бен мінезімізге қарап ата-анамыздың берген тәрбиесі туралы айтылса, шет жерде жүргенде біздің тірлігіміз бүкіл Қазақстанның мәдениетінің айнасы болғанын біз жақсы түсіндік» дейді СМПИ тарих-филология факультетінің студенті Айдын Төлегенов. Кездесу барысында жастар өздерінің алдағы жоспарларымен бөлісті.
Олардың көпшілігі оқуларын магистратура мен докторантурада жалғасқылары келеді. Кеш соңында олар Қазақстанның келешегі үшін жауапкершілікті сезінетіндерін, алған білімдерін Отанымыздың ұлттық статусын нығайту мен еліміздің өркендеуіне жұмсайтындарына сендірді.
Әсел Шайхынова