KZ
Өскемен
+25°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, СБ
475.18 510.72 5.47

Қордың қоржыны 16 миллион теңгеден астам қаражатпен толықты

7.01.2013, 18:00 207


«Тұрмысы төмен азаматтарды қолдау жөніндегі Шығыс Қазақстан аймақтық қоры» шағын несие ұйымы қоғамдық қорына «Ізгі ниет» облыстық қайырымдылық марафоны аясында өткен жылы 16 миллион 738 мың теңге көлемінде қаржы аударылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Көмекке зәру, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қайырымдылық шарасында қор қоржынына Семей қаласынан 3885 мың теңге, Глубокое ауданынан 2093 мың теңге, Зырян ауданынан 1557 мың теңге, Риддер қаласынан 1295 мың теңге, Бородулиха ауданынан 1294 мың теңге түсті. Негізгі қаражат кәсіпорындар мен жеке тұлғалардың ерікті түрде аударған жарналары есебінен қайырымдылық акциялары кезінде жинақталды.

«Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, Семей қаласындағы инфекциялық аурухананың, көлік колледжінің, Күршім ауданындағы №1 медицина бірлестігінің, Бородулиха ауданындағы Жезкент лицей-мектебінің ұжымдары «Ізгі ниет» марафонына үзбей қатысып келеді.

Қор тұрмысы төмен азаматтарға жекеменшік кәсібін ашуға қайтарымды несие бөлу арқылы көмектесіп келеді. Несиелер мал бордақылау, құс өсіру, асхана ашу, аяқкиім жөндеу, қолөнер бұйымдарын жасау, тігін, жиһаз, ұсталық шеберханаларын, фотосалон, шаштараз ашу мақсаттарына берілді.

Өткен жылы 220 адамға 27 миллион теңге көлемінде несие берілген болатын. Тұрмысы төмен азаматтарға шағын несие беру жұмысы жылдан-жылға ұлғая түсуде. Ал несиені игеру жұмыстары бойынша Зырян ауданының тұрғындары алда келеді. Сондай-ақ Ұлан ауданы мен Семей қаласының тұрғындары да жекеменшік кәсібін ашып, тиянақты жұмыс істеп жатыр.

– Несие арқасында өз мақсаттарын орындап, отбасыларын асырап, жетістіктерге жетіп отырғандар қатарында Семей қаласының тұрғыны, бірінші топтағы мүгедек, қолөнер шебері Абылайхан Асылбайды, Өскемен қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек, тігінші Қазима Жаңабаеваны, Үржар ауданынан екінші топтағы мүгедек Қанат Асановты, Ұлан ауданынан шағын асхана ашқан аспаздар Жанар Атаханова мен Гүлжан Қанапиянованы атап өтуге болады, – дейді «Тұрмысы төмен азаматтарды қолдау қоры» шағын несие ұйымы қоғамдық қорының директоры Сәкен Ғайса.
Өткен жылы аудандар мен қалалар әкімдіктерінің ұсынуы бойынша қор есебінен аз қамтылған 1500 жанға 8 наурыз, Наурыз мейрамы, Жеңіс күні, егде адамдар күндеріне арналған мерекелік акцияларда жалпы сомасы 6,5 миллион теңгені құрайтын қайтарусыз көмек берілді.

Жерлесіміз Зинаида Драгункина басқаратын Мәскеу қаласындағы «Благовест» халыққа көмек көрсету орталығының көмегімен біздің облыстан тоғыз жетім бала Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы «Анапа» сауықтыру орталығында денсаулықтарын түзетіп қайтты. Осы жұмыстардың барлығын қор облыс Әкімінің, аудандар мен қалалар әкімдерінің қолдауы арқасында атқарып отыр.

Әлімжан Қадылбекұлы
Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив