KZ
Өскемен
-1°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
485.04 525.98 5.04

ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаев «Жас Отан» жастар қанатының II съезіне қатысқан делегаттармен кездесті

19.11.2012, 18:00 292


Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Астана қаласында өткен «Жас Отан» жастар қанатының II съезіне қатысқан делегаттармен, белсенді жастармен кездесіп, Елбасымыздың алға қойған мақсат-міндеттерін іске асыру мәселелерін талқылады. Кездесуге жоғары оқу орындарының басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, студенттер қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Кездесу барысында аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өңіріміздегі жастар саясатына қатысты атқарылып жатқан ауқымды шаруалардың бірқатарына тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде білім алам, еңбек етем деген жастарға елімізде барлық жағдай жасалған. ТМД елдерінің арасында Қазақстан ең алғашқы болып «Болашақ» бағдарламасын іске асырды. Шет мемлекеттердің беделді оқу орындарынан білім алып қайтқан жастар бүгінде елімізде еңбек етіп, әртүрлі салаларда жауапты қызметтер атқаруда.

- «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы әр өңірдің жергілікті билік өкілдеріне нақты міндеттерді жүктей отырып, жастар саясатының ең өзекті тұстарына тоқталып өтті. Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстанда жастар саясатына байланысты бірқатар заңдар қабылданып, берері мол бағдарламалар іске асырылды. Атқарылған жұмыстар нәтижесіз болған жоқ, сол заңдар мен бағдарламалардың арқасында Қазақстан биік белестерге көтеріліп, жастарымыз сапалы білім алу үстінде. Біздің бүгінгі басқосуымыздың мақсаты - сіздердің ұсыныстарыңызды, талап-тілектеріңізді тыңдап, одан қорытынды шығару, - деді облыс Әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, 16-қарашада Астана төрінде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен өткен «Жас Отан» жастар қанатының II съезіне еліміздің түкпір-түкпірінен 1100-ден астам делегат жиналған болатын. Жақын болашақта жастардың басты құжатына айналатын «Жастар – Отанға!» деп аталатын стратегияны нақтылауға байланысты өткен съезге біздің облыстан 88 делегат қатысып қайтқан еді. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 5-ғимаратында өткен кездесуге сол делегаттардың түгелдей дерлігі жиналыпты. Аймағымыздың ең белсенді жастары Астанадан алған әсерлерін аймақ басшысымен бөлісті. 10 мыңнан астам адам лық толған Астанадағы зәулім сарайда дүйім жұрттың алдында сөз сөйлеген Еркебұлан Балтабеков өз әсерін былай деп жеткізді:
- Мемлекет басшысы мен мыңдаған белсенді жастар алдына шығып сөз сөйлеу мен үшін үлкен мәртебе болды. «Жастар – Отанға!» 2020 жылға дейінгі стратегиясы, еліміздің жаңа толқын жастар үшін өте маңызды ол құжат он бір негізгі бағыттан тұрады, әр бағыттың өзіндік бағыт-бағдары бар. Жастарға айтарым, Елбасының бізге деген сенімін ақтап, келешекте биік белестерді бағындыруға тырысуымыз керек. Біздің күшіміз бірлікте, - деді ол.

Бұдан соң облыс Әкімі аймақ жастарының білім алу және мамандық таңдау мәселелеріне тоқталды. Біздің облыста биыл мектеп бітірген соң ешқандай жоғары оқу орындары немесе кәсіптік білім беру орталықтарына түспеген 3 мыңнан астам адам бар екен. Олардың қазір не істеп, қандай іспен айналысып жүргенін ешкім де білмейді. ¤ңір басшысының айтуынша, алдағы уақытта жоғары оқу орындарына түспей қалған түлектердің барлығын арнайы кешенді тестілеуден өткізіп, белгілі бір мамандықтарға бағыттау қажет. Аталған қанатқақты жоба алдымен Өскемен, Семей қалаларында қолға алынып, тәжірибеден өткен соң аудандарда да атқарыла бастайды.

Облыс Әкімінің гранты әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілетіні белгілі, ал университетті бітірген түлектердің қазір қайда жүргені, қандай мамандық бойынша еңбек ететеіндері тағы белгісіз. Облыс басшысы гранттарды олимпиадаларда топ жарып, көзге түсіп жүрген белсенді оқушыларға беру керектігін айтты. Съезд делегаты, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті Арайлым Қайратова осы жерде өз ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, 1-курста сабақты кілең беске оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан студентті ақылы оқу түрінен грантқа ауыстырса, көптеген студенттердің білімге деген белсенділіктері артар еді. Грантты жеңіп алып, кейін оқымай кеткен, немесе оқу үлгерімі төмен студенттердің гранты оқимын деп тұрған жастарға берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысам деген жастарға барлық есік ашық. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттен несие алып, өз шаруаларын дөңгелетіп отырған жас бизнесмендер де жетерлік. өз ісімен айналысам деген жастарға біздің облыс 2011 жылы 146,12 миллион теңге қаржы бөлген, ал 2012 жылы бұл сома 221,02 миллион теңгені құрап отыр. Облыс Әкімі мамандық таңдау мәселесін көбірек қозғады.

- Жаңа заман жастарының ойында қазір «оқу бітіре салып бастық болып кетсем» немесе «жетістікке жету үшін қалтаңда ақшаң, жоғарыда көкең болуы керек» деген сияқты түсінік қалыптасқан, бұл дұрыс емес. Еңбек етпеген адам ешқашан жетістікке жете алмайды. Қазір сендердің нағыз лаулап тұрған жалынды жастық шақтарың, дәл осы уақытта ештеңеге сүйенбей, тек өз жігерлерің мен қайраттарыңа, білімдеріңе сеніп еңбек етулерің керек. Болашақ кәсібімізді, мамандығымызды дұрыс таңдай білейік. Барлығымыз прокурор, сот, қаржыгер болғымыз келеді, ал қоғамға қажетті мамандар жоқтың қасы. Біз кәсіби маманданбай, барлығымыз заңгер, прокурор болып кетсек, үйді кім салады, құрылысты кім жүргізеді, зауыттарда кім еңбек етеді? - деді облыс Әкімі.
Алдағы уақытта біздің аймақтың жастары тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болмақ. Аймақ басшысы келесі жылдан бастап өңірімізде «Жастар радиосы» ашылатынын айтты. Одан кейін аймақтық интернет телевидение ашылуы да бек мүмкін.

Бүгінде облыста 370 мыңнан астам жас бар, 120 жастар ұйымы тіркелген. Қазақстанда алғашқы болып Шығыста «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» құрылды. Жас мамандарға жағдай жасалып, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша жылына 200-300 маман ауылдарға барып жемісті еңбек етуде.
Кездесуде жастар арасындағы қоғамдық тәртіп мәселелері де сөз болды. Облыс Әкімінің айтуынша, жастар арасындағы тәртіп бұзушылықтарды болдырмау үшін ауылдар мен аудан орталықтарындағы, қалалардағы мәдениет орталықтарын ретке келтіру керек. Осыған байланысты жыл көлемінде облысымзда орасан зор істер атқарылған. Келесі жылдан бастап аймағымыздың барлық елді мекендерінде футбол алаңқайлары пайдалануға беріледі.

- Қоғамдық тәртіп мәселесіне келер болсақ, әр көше, әр аулаға бір-бір полиция қызметкерін қоя алмаймыз, сондықтан еріктілер жасағын іске қосуымыз керек. Оған сіздердің, яғни, жастардың қосар үлесі зор. Бүкіл елде бүгінде қарқынды құрылыстар жүруде, жұмыс күшінің жетпей жатқаны да жасырын емес, студенттердің құрылыс жасағын көмекке тартуымыз керек. Жүрегі елім деп соғатын патриот жастар қоғам үшін қажет-ақ, деді облыс Әкімі.

Облыс жастары мен аймақ басшысының арасында қызу пікір алмасу жағдайында өткен басқосуда көптеген жастар өз ойларын ортаға салды. Белсенді жастардың бірі Талант Бейсебеков қалалық және облыстық мәслихаттар депутаттарына жастарды көмекші етіп қосса деген ұсыныс білдірді. Таланттың айтуынша, жастар депутаттарға қолғабыс ете жүріп, сайлауалды науқандарындағы қызу жұмыстардың немесе тағы басқа қоғамдық істердің қыр-сырын меңгерер еді. Бұл ұсынысты да аймақ басшысы назарға алатынын айтты.

Кездесу соңында облыс Әкімі Президент міндеттеген жастар саясатын іске асыру мәселелері мен жастардың ұсыныстарына сәйкес мемлекеттік органдарға арнайы тапсырмалар жүктеді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив