KZ
Өскемен
+12°
пасмурно Штиль
442.05 474.14 4.74

Зайсан өңірі көгілдір отынмен қамтамасыз етілмек

13.11.2012, 18:00 219


Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалық етуімен өткен мәжіліс біздің аймақта, соның ішінде алдымен Зайсан ауданын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесіне арналды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі. Зайсан ауданындағы газ кен орнында бірнеше жылдан бері «Тарбағатай мұнай» Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны жұмыс істеп жатыр. Қытай шекарасына дейін газ құбыры салынды. Жер қойнауын бірігіп пайдалану жөнінде Қазақстан мен Қытай арасында келісім бар.

Магистральді газ құбырын іске қосу және газ құбырының бойындағы елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге байланысты не істеу керек? Міне, бұл тұрғыда облыс Әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаев атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, алдағы жоспарлар мен жобалар жөнінде хабарлама жасады. Біздің аймақтың экологиялық жағдайын, әсіресе қолданыстағы жылу энергетика кәсіпорындарының қоршаған ортаға байланысты жұмысын жақсартуда көгілдір отынмен қамтамасыз етудің маңызы зор болып отыр. Осы мәселені түпкілікті шешу және тұрғындарды газбен қамтамасыз ету үшін «Солтүстік» және «Оңтүстік» бағыттары белгіленген.

«Солтүстік» бағыты бойынша Ресей Федерациясының Рубцовск магистральді газ құбырын Бородулиха, Шемонайха, Глубокое аудандары арқылы Өскемен мен Семейге дейін жалғастырып салу қарастырылған. Осыған орай Өскемен және Семей қалаларындағы жылу-энергетика орталықтарын көгілдір отынға көшіру, газ құбыры тартылатын үш ауданды газбен қамтамасыз ету құрылыстарының жобасын іске асыру 2014-2015 жылдары қолға алынбақшы. Айтқазы Шерубаевтың айтуынша бұған қоса металлургия және тау-кен өндірісі салаларындағы кәсіпорындардың электр энергиясы тапшылығын өтеу үшін газтрубина қондырғыларын салу ұсынылып отыр. Ал 2017-2018 жылдары «Өскемен ЖЭО» акционерлік қоғамы мен Семейдегі«Теплокоммунэнерго» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында табиғи газды қолданысқа енгізу мүмкіндігі де шешіліп қалады.

Мұның барлығын іске асыру үшін Ресей Федерациясының Алтай өлкесі губернаторымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі Ресей Федерациясының Энергетика министрлігіне біздің облысты газбен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде хат жіберген. Оның жауабы әзірге қолға тиген жоқ.

Ресей тарапынан бұл мәселелер толық шешілгеннен кейін жергілікті билік елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету инфрақұрылымдары құрылысының бас жоспары мен жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлу жағын қарастырады.

«Оңтүстік» бағыты бойынша Сарыбұлақ газ кен орнының табиғи газы Зайсан, Тарбағатай аудандарының тұтынушыларын көгілдір отынмен қамтиды. «Тарбағатай мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпорыны «Сарыбұлақ-Майғапшағай» магистральді газ құбырын Кытайдың шекарасына дейін өз қаржысы есебінен салды. Құбырдың жалпы ұзындығы 92,5 шақырымды құрайды. Биыл желтоқсан айында бұл нысанды іске қосу жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы жоспарланған. Қазақстан мен Қытай арасында газ қойнауын пайдалану жөнінде келісім бар. Өндірілген табиғы газдың жартысы біздің облыстың ішкі сұранысын қанағаттандыруға жұмсалса, жартысы Қытайға жіберіледі. Қазақстан жағынан келісім мақұлданды, енді қытайлық әріптестердің бұған ұйғарымы қалай болатындығы күтілуде.

Зайсан қаласына дейін магистальді құбыр тартылған. Жобалық-сметалық құжаттамасы қаралудан өтті, сараптамасы бар. Енді қаланың ішкі құбырын тарту, көгілдір отынды әр үйге, әр нысанға жеткізу бойынша 841 миллион теңгенің жобалық-экономикалық құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні осы аудандағы тоғыз ауылды немесе аудан тұрғындарының 79 пайызын газбен қамту шаралары қарастырылуда.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бүгінгі күні аймақты газбен қамтамасыз етуде «Оңтүстік» бағытын іске асуыру мүмкіндігі басымырақ екенін атап өтті.
– Ресей жағынан белгіленген жоба да жақсы, – деді облыс басшысы. – Жеткізілетін газ қорын облыс тұтынушылары толықтай пайдаланатыны жөнінде солардың келісімі мен кепілдемесін алу керек. Қазіргі уақытта Ресей газ құбыры Рубцовск қаласына дейін тартылған. Содан бері біздің шекараға дейін 25 шақырым. Шекарадан Семейге дейін 67 шақырым, Өскеменге дейін 187 шақырым. Семей арқылы газды Павлодарға және одан ары жеткізуге болады.

Әрине көгілдір отынның бағасы туралы мәселені де талқылап шешу керек. Ресейде ол тіпті арзан емес, таяуда оның бір текше метрінің бағасы еуропалық стандартқа теңелуі де мүмкін. Мұндай баға біздің тұтынушылар үшін қолжетімді деп айтуға келмейді. Сондай-ақ «Тарбағатай мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұсынып отырған табиғи газының және Қытай Халық Республикасы Зимунай қаласындағы зауыттың сұйылтылған газ бағалары да нақты белгіленбеген жағдайда қалып отыр. Сұйылтылған «қытай» газының бағасы өсіп кететін жағдайда жергілікті билік облыс аумағынан атап айтқанда газ кен орны бар Зайсан ауданында газды қайта өңдейтін зауыт салу мүмкіндігін де ұсынды.

Зайсан қаласында барлық елді мекендерді қамтитын газ тарату стансасын салу, Жарма ауданында да осындай жұмыстарды жүргізу жөнінде ұсыныстар айтылды. Өткен жылы облыстық бюджеттен Қалбатау ауылын газбен қамтамасыз етудің техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға қаржы бөліне бастаған-ды. Бұл нысанда сұйылтылған газды қабылдау, сақтау және ауылдың ішкі газ құбыры арқылы күнделікті қажеттілікке жарату қарастырылған.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив