KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Көкпектіден азық-түлік көп келіпті

28.10.2012, 18:00 113


Сенбі сайын Өскеменде өтіп келе жатқан аудандар жәрмеңкесі өткен аптада да дәстүрлі үрдісінен жаңылған жоқ. Металлургтердің мәдениет сарайы алдындағы ашық алаңға жайғасқан Көкпекті ауданының сауда керуенін облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аралап көрді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Мұсылмандардың ұлық мерекесінің бірі – Құрбан айттың екінші күніне тура келген ауыл шаруашылығы өнімдерінің бұл жәрмеңкесі қала халқына аса тиімді болды. Ауыл тұрғындарының арбалап әкелген өнімдерін қаланың елі дорбалап әкетіп жатты. Картоп, орамжапырақ сынды өнімдерді қап-қабымен әкетіп жатқан адамдар қылышын сүйретіп жетіп келер қыстың қамын ойластырып-ақ жатқан сыңайлы.

Осыны қапысыз ескерген көкпектіліктер базарға барын салыпты. Ауданның 17 ауылдық округін қамтыған бұл жәрмеңкенің сәнін қаптаған қалың қауым кіргізіп, сауданың көрігін қыздырды. Әр келісі мың теңгеден сатылған жеті тоннадан астам жылқы, сиыр, қой етін жұрт пышақ үстінен талап әкетті. Мұсылман мерекесі екен деп, доңыз еті де саудаланбай қалған жоқ бұл күні. «Талпақ танаудың» 2,5 тоннаға таяу еті келісі 900 теңгеден таразыға тартылды.

– Шынын айтсақ, бұрындары «жәр-меңкеге өнімдеріңді апарыңдар» деп, ауыл тұрғындарына жалынатынбыз. Қазір, олай емес, мұндай сауданың өздеріне тиімді жақтарын түсінген соң, шаруа қожалықтарының басшылары мен ауыл азаматтары өздері құлшыныс танытып жүр. Олар тіпті, бір ай бұрын хабарласып, жазылып қояды, – дейді Көкпекті аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Марат Теміржанов.

Бұл күні базаршыларды маңына көптеп жиған тағы бір мекеме «Рыбпром» ЖШС-нің филиалы болды. Балықтың дәмі жеген адамның таңдайында қалар сұрпы һәм тар-тылған еттері мен уылдырықтары талайдың қоржынына тоғытылып жатты. Сөйтіп, төбе болып үйіліп жатқан төрт тонна балық сағат сайын азая берген.
Көкпектіліктер көкөністерді де көп әкеліпті.

– Мен бұл жолғы жәрмеңкеден екі қап орамжапырақ, бір қап пияз және басқа да көкөністер алдым. Ал базардан бұл ақшаға осылардың бәрін ала алмас едім, – дейді қала тұрғыны Кенжетай Зейнулдин.

Бұл күні жәрмеңкеге көкпектіліктердің 6 тоннадан астам картобы, 10 тонна орамжапырағы, үш тонна сәбізі және бір тоннаға жуық сүт өнімдері, сондай-ақ, балы, күнбағыс майы, арпасы мен тартылған жемі және тары сынды өнімдері де саудаға салынды. Бұл жәрмеңкеде жаз бойы маңдай тері сіңген еңбегінің тәтті жемісін жегендердің бірі – Тоғай Зүлфиев. Ол «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша бес миллион теңге несие алып, 38 гектар жердің қыртысын айырыпты. Ол биылғы егіннің бітік шыққанын айтып қуанды. Шығыс өңіріне 37 жыл бұрын келген өзбек азаматы еліміздің демографиясына да қомақты үлесін қосуда. Нақтырақ айтсақ, ол – шекесі торсықтай тоғыз ұлдың әкесі. Тоғай сонымен бірге ауылдың 17 жұмыссызына жұмыс беріп отырған шаруа қожалығының жетекшісі екен.

– Мен жәрмеңкеге алты тонна орамжапырақ, 2,5 тонна сәбіз, қияр, картоп, қызылша сынды көкөністер әкеліп тұрмын. Бізге аудан тарапынан арнайы көлік берілді, жанармайдың құнын ғана өз қалтамыздан төледік. Бұл – бізге үлкен көмек, – дейді еңбекқор азамат.

Жәрмеңкені аралап көрген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ базаршылардың бірінен Өскемен қаласындағы базардың бағасы мен жәрмеңке бағасының айырмашылығын сұрады. Әкімнің сұрағына жадырай жауап берген қала тұрғыны, қажетті дүниелерінің бәрін жәрмеңкеден алатынын, қаланың базарына бармағалы көп уақыт болғанын айтты. Демек, ауыл шаруашылығының арзан өнімін алып үйренген өскемендіктер жәрмеңкесіз сенбіні елестете алмайтын күйге жеткен сыңайлы.

Жәрмеңкені бастан-аяқ аралап шыққан аймақ басшысы Өскемен қаласы әкімінің орынбасарлары Оксана Желякова мен Дмитрий Кавригинге жәрмеңке өтетін аумақтағы үйлердің сыртын әрлеп, сәндеуге және жәрмеңкедегі өнімдердің бағалары туралы халықты ақпараттандырып отыруға тапсырма берді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив