Жері жомарт Зырян ауданының шаруашылық құрылымдары екі-үш аптадан соң астық оруды аяқтамақ. Түсім орта есеппен 10-13 центнерді құрап отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Ә.Құрманғалиевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыстың «Индустрияландыру картасына» кіріп отырған ірі жобалар саны арта түсуде. Соның бірі –Зыряндағы «Янтарь Май» ЖШС-нің күнбағыс өңдеу өндірісін қайта жарақтандыру. Жүргізіліп жатқан қайта жарақтандыру шараларынан соң кәсіпорында өндірілетін күнба-ғыс майының көлемі елу тоннаға артып, екі еселенбек. Жаңадан қырық-елу жұмыс орны ашылмақ.
Зырян ауданында жыл сайын он бес-он жеті мың гектардан астам алқапқа күнбағыс дақылы егіліп отыр. Орташа өнім гектарынан 9 центнердей болғанда одан 14-15 мың тонна таза өнім алынады. Кә-сіпорын «ВК Бигма», «Санур-Агро», «Меrlоks» сынды ірі компаниялармен де өнімді өткізуге, күнбағыс тұқымын сатып алуға келісім жасасып отыр.