Кеше облыс орталығының әкімі Серік Тәукебаев қаладағы ең ұзын да басты даңғылдардың бірі - Тәуелсіздік даңғылының бойында жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Қазіргі кезде Б.Александров атындағы Спорт сарайының маңынан басталып, Ушанов алаңына дейінгі жол бөлігінде жұмыс қызу қарқын алған. Жалпы ұзындығы 900 метрді құрайды. Аталмыш жұмысқа жауапты болып «Ремдор» ЖШС-і бекітіліпті.
– Мұндағы жұмыс тәулігіне үш ауысыммен атқарылуда. 900 метрлік ұзындықтағы аумақтың бойында 72 су құбырының қақпағы орналасқан екен. Соларға біраз айналудамыз. Оның 42-сін толық ауыстырдық. Сонымен бірге түнгі мезгілде жұмыс істегенімізге даңғылдың бойында орналасқан үйлердің тұрғындары наразылық білдіріп, полицияға шағым түсіруде. Дегенмен, жолды уақытында жөндеп бітіп, бір аптаның ішінде тапсырмақпыз, – дейді «Ремдор» ЖШС-нің директоры Мырзагелді Хамзинов.
Көшені бойлай жүріп өтіп, істелініп жатқан жұмыстармен танысқан қала әкімі жолдың келесі жақ қапталындағы ойылып кеткен аумақтарды да жөндеу керектігін атады. Ол үшін арнайы қаражат бөлінбеген, дегенмен, мердігерге қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімімен бірлесе отырып, мәселені шешу қажет. Әзірге ойылып кеткен учаскенің ұзындығы 150 метрден астам екендігі анықталып отыр. Сонымен бірге жолды жөндегенде мерзімінен кешікпеуге де, сапасына да баса назар аудару қажеттілігін айтты.
Сондай-ақ, шаһар басшысы түнгі мезгілде жұмыс істеген дұрыс болатындығын, бір аптаға тұрғындардың шыдай тұратындығын да ескертті. Күндіз көлік ағыны мол болатындықтан, барлық жұмыстарды түнге қарай атқарған тиімді болмақ.
Қала бойынша жол жөндеу жұмыстары мұнымен шектелмек емес. Қала басшысы алдағы уақыттарда аталған Тәуелсіздік даңғылының Алматы көшесімен қиылысатын тұсынан Металлургтер саябағына дейінгі бөлігі, Менделеев көшесі, 30-шы гвардиялық дивизия атындағы көше талапқа сай жөнделетіндігін де айтып өтті.
Мұнан соң қала әкімі Серік Тәукебаев Үлбі өзенінің үстіндегі қаланың екі үлкен ауданын жалғап тұрған көпірдің үстімен өтетін трамвай жолының жағдайымен танысты. Мұндағы басты мәселе – қос рельстің арасындағы жолдың жағдайы. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Ал екі жағындағы автокөлік жолы жөнделіп кеткен соң, ортадағы трамвай жолы көрер көзге тым қораш көрінуде. Сондықтан трамвай жолының Абай даңғылының бойындағы және Қазақстан көшесінің Қабанбай батыр көшесімен қиылысатын тұсынан Мыза көшесіне дейінгі бөлігіне жөндеу жүргізу керек шұғыл арада. Бұл мәселенің үнемі қала басшылығының назарында болатындығын әкім нықтап жеткізді.