KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 4 м/с, СШ
479.05 534.57 5.17

Жеңіл атлетикалық манеж Рыпакова есімімен аталады

8.08.2012, 18:00 135


Өскеменде құрылысы басталған жеңіл атлетикалық манеж Ольга Рыпакованың есімімен аталатын болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.


– Ольга Шығыста жаттығуы тиіс. Оның артынан мыңдаған жас спортшылардың еретіні сөзсіз. Мен егер Ольга «алтын» алса, аталмыш манежді Ольга Рыпакова есімімен атаймыз деп уәде берген едім. Осы жылдың соңына дейін Өскеменде Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың есімін иеленген заманауи жеңіл атлетикалық манеж салынып бітеді! Біз күннің Шығыстан бекерден-бекер шықпайтынын баршаға дәлелдеуіміз қажет, – деді облыс Әкімі бұл ретте.

Спорт ардагерлері атынан Дүниежүзі армрестлинг федерациясының вице-президенті, Азия-Тынық мұхит аймағы армрестлинг федерациясының президенті, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мұхамедолла Ағзамов және Ольга Рыпакованың алғашқы бапкері Татьяна Назарова сөз сөйледі.

– Оля маған тоғыз жасында келгенде-ақ оның болашағы бар бала екені көрініп тұрды. Ол дарынды еді, – дейді Татьяна Назарова. – Оляның әке-шешесі де спортшылар, сондықтан ол да осы жолды таңдады. Әсіресе, әкесі оған үнемі қолдау білдіретін. Жасөспірімдер сайыстарында да Ольга жақсы нәтижелер көрсетіп жүрді. Жарайсың, Ольга! Жеңістерге жете бер!

Құттықтаулардан соң мойнына алтын алқасын таққан Ольга үсті ашық кабриолет автокөлігіне отырып қала көшелерімен жүріп кетті. Колоннада байкерлер мен жанкүйерлер көп болды.

Олимпиада чемпионы мінген кортеж ең алдымен «Самал» дүкенінің маңына аялдады. Жүздеген қала тұрғындары чемпионды ду қол шапалақтап қарсы алды.

Металлургтердің мәдениет үйінде, Ушанов алаңында, Спорт сарайында да халық чемпион қызды күтіп, одан қолтаңбалар алып, бәрі де жеңіс үшін ақжарма алғыстарын білдіріп жатты. Чемпионды қарсы алу үшін Семейден, Ұлан және Глубокое аудандарынан арнайы делегациялар да келіпті. Семейліктер жеңіл атлеттің мойынына «Спорттың ханшайымы» деген лента тақты.

Күре жолдың бойында тұрған спортсүйер қауым Олимпиада чемпионын қуанышпен қарсы алды. Олар «Алға Қазақстан!» деп ұрандап, көліктен түскен спортшыға қошемет көрсетіп, ақ тілектері мен ақ алғыстарын ақтарды. Алқызыл гүл шоқтарына көмкерді. Жастар Олимпиада чемпионының қолтаңбасын алып жатты. Отан даңқын асқақтатқан ару қызға қандай құрмет те лайық екені айтпаса да түсінікті еді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив