KZ
Өскемен
+4°
ясно жел 3 м/с, З
483.23 534.74 5.12

RADIO ALTAY жаңалықтары - 30 шілде 2012 жыл

29.07.2012, 18:00 54


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY


Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Қазіргі уақытта Өскемен қаласындағы Үлбі көпірінің астымен өтетін айналма жолдың ернеулерін су шайып кетпес үшін бетон плиталар қойылуда. Өскемендіктер бұл жолдың ыңғайлылығын қыстан бері байқап көріп, енді жол жөндеу жұмыстарының аяқталуын тағатсыздана күтуде. «ЕSК» компаниясы тамыздың аяғына дейін айналма жолды жөндеп бітіріп береміз деп отыр.

Семейде «Экологиялық саясат пен тұрақты даму: қазақстандық және германиялық тәжірибелер» тақырыбында семинар болып өтті. Семинарда адамзат денсаулығын жақсарту үшін қажетті экологиялық сауықтыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, ауа тазалығы және судың ластану мәселелері де кеңінен қозғалды. Германиялық экологтар алдағы уақытта экологиялық біліктілік жөнінде елімізбен әріптестік қарым-қатынас орнатпақшы.

Аягөз қаласында кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге арнайы көмек ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының оқу-тренинг жедел курстары өткізілді. Дәріс соңында тыңдаушыларға арнайы сертификаттар және бизнесті дамытуға арналған оқу-құралдар тапсырылды.

Зырян аудандық ішкі саясат бөлімі Тәуелсіздік аллеясындағы «Достық шаңырағына» Зырян қаласы орта мектептерінің оқушыларына арналған экскурия ұйымдастырды. Негізгі мақсат-өсіп келе жатқан жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, балалардың жазғы демалысын әсерлі ұйымдастыру. Балаларға «Достық шаңырағы» сәулет құрылысы туралы және ондағы орналастырылған фотосуреттер жайында мағлұмат берілді.

Күршім ауданындағы төрт тірек ауылдың бірі болып саналатын Боран ауылында қоршау тақтайларын тілетін цех ашылып, оның өнімін тұрғындарға сату жолға қойылды. Еңсесі енді көтеріліп келе жатқан ауыл тірлігі үшін бұл да бір үлкен серпін болмақ.


Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY


RADIO ALTAY жаңалықтары - 30 шілде 2012 жылСәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Семейде ақын, ойшыл, ғұлама Шәкәрім Құдайбердиевтің туған күніне арналған мерекелік шара өтті. Орталық саябақта өткізілген әдеби-музыкалы кешті Абай кітапханасының қызметкерлері ұйымдастырды. Кешке келген қала тұрғындары Шәкәрім шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. «Шәкәрімтану» зерттеулерімен танысты. Қаладағы өнер иелері Шәкәрім туралы әндерді шырқап, ақынның өмірінен шағын пьесалық қойылым көрсетті.

Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімов жоғары оқу орындарының студенттерімен және түлектерімен жүздесті. Кездесудің мақсаты-студенттер мен түлектерге дипломмен осы ауданға оралып, еңбек жолын бастауға ұсыныс беру болды. Кездесу барысында студенттер аудан басшылығына өздерін қызықтыратын бірқатар сұрақтарды қойды және оларға нақтылы жауаптар алды.

Ұлан ауданы Бозанбай ауылдық округіндегі «Фариза» шаруа қожалығы мал басының санын арттырып, тұқымын асылдандырумен айналысуда. Қазіргі уақытта қожалықтағы қой саны мың жарымнан асып, жылқы 600-ге, сиыр малы 300-ге таяп қалды. Соңғы жеті жылдан бері олар қойдың байыс тұқымын, қазақтың ақбас сиырын, жылқының «Жәбе» тұқымын өсіріп жатыр.

Күршім ауданының орталығында бос жүрген малдардың мәселесі әлі де түйткілді болып отыр. Жылқылардың, сиырлардың шағын тобы гүлзарлар мен газондарды таптап, орталық саябақ аумағында жайылуда. Қолданылған шараларға қарамастан бос жүрген малдарын иелері арнайы ұйымдастырылған табындарға қосуға асығар емес. Бұл мәселе аудандық әкімдіктің отырысында тағы көтерілді.

Күршім өңірінде жүргізілген рейд барасында Төсқайың ауылдық округінің аумағында Қызыл кітапқа енген емдік қасиеті бар өсімдік-Мария тамырын заңсыз жинаған азамат ұсталды. Келтірілген залал мөлшері -19 мың 400 теңге.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив