KZ
Өскемен
+6°
ясно жел 4 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Көкпекті ауданында екі мешіт ел игілігіне берілді

24.07.2012, 18:00 162


Қарабұжыр Қалбадан бастау алатын қос өзен Тентек пен Талмеңкенің арасындағы құтты мекенді жиырмасыншы ғасырдың 30-шы жылдары Қойкелді Аухадиев басқарғанын бұл маңның елі жақсы біледі, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Батыр бабаның ізін жалғағандардың бірі – Тұрсынхан Қойкелдин. Тұрсынхан туралы оның ел үшін атқарған еңбегі айтады, ал оның замандастары арасында сақталған жарқын бейнесі естелік-жыр болып, бүгінге жетуде. Бір өкініштісі, Тұрсынхан өмірден ертерек өтті. «Орнында бар – оңалар» дегендей, текті атаның жолын, әкенің ізін оның ұлдары жалғастыруда.

Өрнек пен Қызыл Жұлдыз ауылдарынан келген мұсылман бауырлардың қуанышты көңіл күйлерін неше күннен бері толассыз жауып тұрған Қалбаның ақ жауынының толастауы одан сайын жадырата түсті.

Жаңадан салынған мешіт ғимаратының ашылуында Тұрсынхан Қойкелдиннің апайы – Рауфа апа, достары Кәрібай, Аманкелді және басқа да жақын-туыстары болды. Мешіттің ашылу салтанатына облыстың әр өңірінен дін өкілдері де келіпті.

Аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин, Қойкелді атаның қызы Рауфа апа мен ауданның Құрметті азаматы Мұрат Қалматаев ғибадатхананың лентасын қиып, мұсылман бауырларды жаңа мешіт үйіне бастаған.

Сөз орайына қарай айта кетейік, биыл ауданда бір айдың ішінде екі мешіт пайдалануға берілді. Оның бірі – ағайынды кәсіпкерлер Құмаровтардың Бастаушы ауылында салған мешіті, екіншісі – осы Тұрсынхан ата мешіті.

Мереке барысында Теректі елі бір сілкінді, аруақтарға арналып берілген ас ораза айымен тұспа-тұс келді. Мешіттің ашылу салтанатына Көкпектідегі Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің әртістері келіп, ән мен жырдан шашу шашты. Сонымен қатар дәл осы күні шаңырақ көтеріп, отбасын құрған теректілік Айдар мен Айнұрдың некелері мұсылман жолымен Тұрсынхан ата мешітінде қиылды. Екі жасқа ардагер Мұрат Қалматаев ақ батасын берді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив