KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 1,6 м/с, В
479.05 534.57 5.17

Халықтық ІРО: Қазақстан компанияларының акциялары қор нарығына шығарылады

23.07.2012, 18:00 136


Қазақстандықтардың қаржылық-инвестициялық сауаттылық деңгейін арттырып, олардың бағалы қағаздар нарығындағы мәмілелерге қатысуына ықпал ету туралы Президенттің Үкіметке берген тапсырмасына орай елімізде «Халықтық ІРО» бағдарламасы жасалып, қала, ауыл тұрғындарына акцияларды сатып алудың жай-жапсарлары түсіндіріліп жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

– «Халықтық ІРО» бойынша қор нарығына ең алдымен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның акциялары шығарылғалы отыр. Еліміздің ішкі аумағындағы мұнай құбырларын иемденіп отырған, оларды жаңартумен айналысатын бұл кәсіпорынның жылдық табысы өткен жылы 32 пайызға артқан. Қазан айында халықтан келіп түскен тапсырыстарды жинау жұмыстары жүргізіліп, аталған компанияның акциялары қарашадан бастап саудаға шығарылады. Бір акцияның құны қай компанияға тиесілі екендігіне байланысты әртүрлі болып, бір мыңнан он мың теңгеге дейінгі мөлшерде белгіленбек. Акцияларды шынайы бағалап, олардың халыққа табыс түсіру мүмкіндігін барынша бағамдап, болжау үшін Ұлттық компаниялардың қаржылық жағдайын зерттеп, бағалауға шетелдік сарапшы компаниялар тартылып отыр, - деді осы бағдарлама аясында өздерінің еншілес кәсіпорындарының акцияларын ұсынғалы отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясының бас менеджері Әлібек Әлденей.

«Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында партияның жергілікті жердегі филиалдарының бірінші орынбасарларымен болған дөңгелек үстелде «Самұрық–Қазынаның» бас менеджері қор нарығына ең алдымен «ҚазТрансОйл», «КЕГОК», «Эйр Астана», «Казмортрансфлот», «Самұрық-Энерго» сияқты инфрақұрылымы әлемдік нарыққа аса тәуелді емес компаниялардың акциялары шығарылатындығын, мұнай, уран өндіріп, өңдеп жатқан «ҚазМұнайГаз» бен «Казатомпром» АҚ-дарының акциялары 2015 жылдың соңына қарай шығарылатынын айтты.

Алдағы төрт жыл ішінде бағдарламаға мемлекеттің ең бай делініп отырған 10 компаниясы қатысып, олардың акциясын 160 мыңнан астам адам сатып алатыны болжанып отыр. Қазақстандықтар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалдар нәтижесі халықтың 20 пайызға жуығы бұл бағдарламаға қатысуға ниет танытқандарын көрсеткен.

Қазір елімізде депозит салымдарының көлемі жылдан-жылға өсіп барады. Банкке қаржы салғаны үшін берілетін жылдық сыйақы мөлшері 7-8 пайыз болса да тұрғындар банк қызметінің осы түрінен өзге оңтайлы қаржылық операция түрін пайдалана алмауда. Депозитке жүз мың теңге салған салымшыға бір жыл ішінде бар-жоғы жеті, сегіз мың теңге ғана сыйақы берілуде. «Халықтық ІРО» бағдарламасы инвестиция нарығындағы осы олқылықтардың орнын толтырып, елді бағалы қағаздар нарығына қатысуға үйретпек. Акция сатып алып, оны қайта сату, одан дивидендтер алу халыққа депозиттік салымдардан әлдеқайда тиімдірек болмақ.

– Акцияларды сатып алу жедел пайда әкелмеуі де мүмкін. Кез келген қаржы нарығы, оның ішінде қор нарығы бір орнында тұра бермейтіні анық. Сондықтан акциялардың құны өсіп қана қоймай, төмендеуі де мүмкін. Қай кезде де акцияны сатып алушы тұлға тәуекелге барады. Бірақ дәл қазіргі бағдарлама бойынша халыққа ұдайы даму үстінде келе жатқан, оң қаржы нәтижелерін көрсетіп отырған компаниялар мен кәсіпорындардың акциялары ұсынылмақ. Сондықтан бағдарлама халықтың табысқа қол жеткізіп, ел экономикасының дамуына атсалысуына шынайы мүмкіндік туғызуды көздейді. Біз ешкімді акция сатып ал деп күштемейміз, мақсат – игі шараның өзіндік тиімділігін барлық қазақстандықтардың пайдалана алатындай етіп, ықпал ету, – дейді «Самұрық–Қазына» АҚ ұлттық компаниясының бас менеджері.

Бағдарламада көрсетіліп отырғандай, бір адам сатып алатын акция санына шектеу қойылған. Ауыл тұрғындары акцияны «Қазпошта» бөлімшелері, осы мекемелер арқылы халықпен жұмыс істеуге тартылған қызметкерлер арқылы сатып ала алады. Акция сатып алуға байланысты туындаған кез келген сұрақтарға 8-800-080-50-70 Саll-орталығы арқылы тегін хабарласып, жауап алуға болады.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив