KZ
Өскемен
+12°
переменная облачность жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

Хирургтер Самарда бас қосты

18.07.2012, 18:00 191


ШҚО-ның Көкпекті ауданы Самар ауылындағы мәдениет үйінде облыстық хирургтер қоғамының көшпелі форумы болып өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Есімі республикаға ғана емес, одан тысқары жерлерге де белгілі білікті дәрігер, облыстың бас хирургі Ә.Түселбаевтың бастауымен Семей мен Өскемендегі клиникалардың, аудандық медбірлестіктердің хирургтеры мен травматологтары бас қосқан жиын алдында Әскертай Сіләмұлымен тілдесудің сәті түскен еді.

– Хирургтар қоғамы республика бойынша Шығыс Қазақстанда ғана жұмыс істейді. Ал хирургтардың облыстық форумын жылына бес рет, яғни, Семей мен Өскеменде екі реттен және бір мәрте көшпелі жиын ретінде аудандарда өткіземіз. Өткен жылы Аягөз ауданында бас қоссақ, он төртінші рет өткізілетін биылғы форумға Самарда жиналып отырмыз. Форумның мақсаты – кәсібімізге байланысты негізгі мәселелерді қарап, талқылау, пікір алмасу және форум өтетін аудан хирургтерының есебін тыңдау.

Екі жыл болды, Көкпекті және Катонқарағай ауылдарындағы дәрігерлерге іс жүзінде көмек көрсетіп, кейбір күрделі емес операцияларды жасауды үйреттік. Бұл екі аурухананың да жаңа құрал-жабдықтары облыстағыдан кем емес.

Басты айтарым, тұрғылықты жерде дәрігерлік қызмет көрсету өте тиімді, оның үстіне отадан кейінгі оңалту кезеңі де қалыпты болады. Келешекте бұл бастаманы жалғастыра бермекпіз, – деді ол.

Оның айтуынша, Самардан шыққан білікті хирургтер көп. Ауруханада қазір де тәжірибелі хирургтар жұмыс істеп жатыр. Мәселен, аудандық хирург Ерік Зияданов Алматыда өткен хирургтердың үшінші конгресіне қатысқан. Жалпы самарлық хирургтер өз міндеттерін ойдағыдай орындайды, оларға ешқашан сын-ескертпелер болып көрмеген екен. Медбірлестіктегі опера-циялық блоктың күрделі жөндеуі аяқталған соң арнайы келіп, шеберлік класын да өткізбек көрінеді. Науқасы созылғандарға ота жасау да жоспарларында бар.

Бас хирургтің сөзінен ке-лесі бір түйгеніміз, қоғамның тағы бір жақсы дәстүрі бар екен. Ол – әр бас қосқан сайын 60, 70, 80-ге толған әріптестерін мерейтойларымен кұттықтап, қоғамның арнайы дипломымен марапаттайтындары.

Форумда сөз алған аудан әкімі Д.Мусин «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында Көкпектіде үлкен аурухана қолданысқа берілсе, өткен жылы Самардағы ауруханаға келген жеті дәрігер баспанамен, көтермеақымен қамтылғанын, биыл ауруханаға 70 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізіп, бір топ қонақты, атап айтқанда, М.Колесниковты, Ә.Түселбаевты, С.Әбуовты және А.Шыныбаев пен С.Күдербаевты алғыс хатпен марапаттап, иықтарына шапан жапты.

Форум барысында Самардағы №1 медбірлестіктің директоры Е.Бүркітов аурухана ұжымының жұмысы туралы әңгімелеп, жергілікті кәсіпкерлермен дөңгелек үстел өткенін, ондағы кездесуге қатысқан кәсіпкерлер «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында медбірлестікке көмек қаражатын бөлгенін және жиналған жарты миллионнан астам теңгеге операциялық блок жөнделіп жатқанын жеткізіп, барлық кәсіпкерлерге үлкен алғыс білдірді.
Форумда сондай-ақ хирург Е.Зияданов аудандық хирургиялық қызметтің жартыжылдық есебін баяндады. Есептен кейін қауымдастық мүшелері түрлі сұрақтар қойып, хирургиялық қызметте кездесетін проблемаларға тоқталып, олардың шешілу жолдарын қарастырды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив