KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 1,6 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Жырсүйер азаматты жырға қосты

6.06.2012, 18:00 171


Қайрат Сәлімгерейдің дүниеден өткеніне 5 жыл болыпты. Атпал азаматтың туған күні қарсаңында тұңғыш рет «Арманы биік асыл ер» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Оралар сапардан,
Оралмай кеткен ең.
Тектіні жалмаған,
Темірді жек көрем.

Бұл – облыстық өнер мұражайында өткен мүшәйраның бас жүлдесін қанжығасына байлаған әріптесіміз Мұратхан Кенжеханұлының Қайрат Сәлімгерейдің рухына арнаған өлеңінің бір үзігі. Расымен де талай текті ұлдарымыз бен біртуар қыздарымыз өз ажалын темір тұлпардан тапқан екен-ау. Арысы Мәдина Ералиева, Оразәлі Досбосынов пен Ажар Түзелбекованың өмірлерін қиған темір тұлпарға үрке қарамасақ та, секем алып қалатынымыз жасырын емес. Сондай асыл азаматтардың бірі Қайрат Сәлімгерей де бар-жоғы 36 жасында жол апатынан қайтыс болған еді.

Азаматтың інілік ізеті мен ағалық қамқорлығын көрген Аслан Ғафуров сынды өнер жанашырларының ұйымдастыруымен өткен бұл облыстық мүшәйраға жиыны 10 ақын қатысыпты. Мұқағалидай «аққудың қанатына жыр жазбаса» да, өлең өлкесінде аттары танылып үлгерген ақындар Қайрат рухына арнап бір өлең, еркін тақырыпта және бір өлең оқуы керек-тұғын.

Қазылар алқасының мүшесі Әлібек Қаңтарбаев айтқандай, бұл мүшәйра жаттанды эпитеттер мен таптаурын қалыптардың кездеспеуімен ерекшеленді. Сондықтан да ақынның көзін көрген Дарын Нұрсапаровтың еске алу өлеңі кеш кейіпкерінің жақын туыстары мен дос-жарандарының көңілін бір тербеп өткендей болған.

Ал сайыстың бірінші жүлдесі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Құмар Зиятханға, екінші жүлдесі қалалық «Өскемен» газетінің тілшісі Азамат Тасқараға, үшінші орны тағы бір ШҚМУ-лық Қызырбек Дүргінбайға бұйырды.

Шарада Қ.Сәлімгерейдің артында қалған бала-лары Ерасыл мен Гүлсая да балаң жүректен шыққан «Әкеге сағыныш» атты жырларын оқып, ән арнады.
Мүшәйраға келген жұртшылық болса, мұндай игі шара алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілек білдіріп жатты.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив