KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 2 м/с, Ю
482.86 533.17 5.08

Азат елдің ұландары Тәуелсіздікті жырлады

26.11.2012, 18:00 215


Тұңғыш Президент күні қарсаңында Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде дәстүрлі II- республикалық «ШЫҒЫС ШҰҒЫЛАСЫ» атты жоғары оқу орындарының студенттер арасындағы ақындар жыр- мүшәйрасы өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Иә, тағы да Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде поэзия күндері болды. Көптен асыға күткен республикалық деңгейдегі дүбірлі жыр сайысына Көкшетау, Орал, Алматы, Астана, Павлодар, Талдықорған, Өскемен қалаларынан келген жас ақындар қатысты. Аталмыш іс- шараның басты мақсаты- ел тәуелсіздігін жырлап, жастарға патриотизмді насихаттау, жастар арасында ақындық өнерді дәріптеп, жас ақындарға қолдау көрсету, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, халықтың мәдени-рухани аясын кеңейту болып табылады. Осындай үлкен шара тікелей университет ректоры, саясат ғылымдарының докторы Шәріпбек Әмірбековтің қолдауымен өткізіліп отыр. «Ақындар - өте ,нәзік сезімтал жандар, олардың өлеңдерін оқи отырып ішкі жан- дүниесін көруге болады. Мені бір қуантатыны, талантты жас ақындарымыз күннен- күнге көбейіп келуде. Біздің оқу орында да жас ақындар саны артуда және де оларға қолдау көрсету керек. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс- шараның да негізгі мақсаты осы», - деді өз сөзінде университет басшысы.

Мүшәйраға екі күн қалғанда еліміздің әр тарапынан жиналған жас ақындарымыз ұлылар мекені атанған Шыңғыстауға барып, Абай, Шәкәрім, Мұхтардай ұлылардың табаны тиген қасиетті жерге тағзым етті. Сонымен қатар, Семей қаласының тарихи- мәдени мұражайларымен, көрнекті жерлерімен танысты.

Жыр- мүшәйрасы университеттің акт залында басталды. Қазылар алқасының қатарында Семей қаласындағы халықтық ақындар орталығының жетекшісі, белгілі ақын Дәмеш Омарбаева, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Шәріпбек Әмірбеков, Қазақстанның құрметті журналисі Дәулет Сейсенұлы, ақын Мұрат Тастағанов, Республикалық ақындар жыр- мүшәйрасының жүлдегері Сәтжан Кәріпбаев, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Дәулет Тілеубердиев болды. Алғашқы айналымда ел тәуелсіздігін жырларын арқау еткен жас ақындар, азат елдің айбынын асқақтата жырлады.

Еліміздің әр- түпкірінен келген жалынды ақындар тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жырдан шашу шашып, семейлік өнерсүйер қауымды жыр бесігіне бөледі.

- Осындай жыр додасының шежірелі Семей жерінде ұйымдастырылғанына біз ризамыз. Әсіресе, жастарға қолдау көрсетіп отырған университет ректоры Шәріпбек Әмірбековке айтар алғысымыз мол. Биылғы мүшәйраға қатысқан ақындардың деңгейі өте жоғары және университет тарапынан берген сыйақы көлемі де айтарлықтай, -деді белгілі айтыскер ақын Дәмеш Омарбаева.

Сонымен, II - республикалық ақындардың жыр- мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Бас жүлдені он бес ақынның арасынан суырылып шыққан Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің студенті Зарыққан Ұмтыл жеңіп алды. Ал, бірінші орынды - Павлодардан келген жас ақын Бекзат Смағұлов, екінші, үшінші орын Семей қаласының жас ақындары Назгүл Ибраева мен Қуаныш Нұржанов иеленді. Бас жүлде және жүлделі І, ІІ, ІІІ орынға ие болған жас ақындар диплом, мақтау қағаздарымен, бағалы және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Ұйымдастырушылар атынан да әділ төрелік көрсеткені үшін қазылар алқасына университет ректоры Ш. Әмірбеков алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.

Астанадан келген ақын Зарыққан Ұмтыл: -Семей қаласына келгеніме қуаныштымын. Ұлылар мекені атанған өлкенің қасиетін енді түсіндім. Мені ерекше бір таңқалдырғаны аталмыш оқу орындағы өнерлі жастарға деген қамқорлық. Тіпті үзіліс арасында радиодан жас ақындардың өлеңдері оқылып жатады екен,- деп өзінің жылы лебізін білдірді.

Иә, дүбірлі жарыс өз мәресіне жетті. Сөз өнерін өзіне серік еткен жас ақындардың шабытына серпін беретін осындай жыр сайыстары алдағы уақытта да өз арнасын кеңейтсе, жыр айдынынан талай талантты жастарымызды көреріміз хақ.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив