KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
471.83 505.66 5.4

Ресейдің маңдайалды металлургтерін мойындатқан

19.04.2012, 18:00 92


Тәуелсіз еліміздің түсті металлургиясының, оның ішінде өңірдің металлургия саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ахат Күленовтің есімі ел тарихында алтын әріптермен ойылып жазылған. Бүкіл саналы ғұмырын еселі еңбекпен қатар ғылыммен де ұштастыра білген өңір металлургтерінің абыз ақсақалы арамызда жүргенде ағымдағы жылдың 15 сәуірінде 80 жасқа толар еді.

Шығыстан шыққан елімізге есімі әйгілі металлург Ахат Күленовтың туғанына сексен жыл толу құрметіне орай, өткен сәрсенбіде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің бастама көтеруімен, облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ұйымдастыруымен «Алтай» технопаркінде «ХХІ ғасыр: металлургиядағы инновациялық технологиялар. Мәселелері. Келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Конференция жұмысына қатысуға келген Қазақстан мен Рессей ғалымдары, жиналғандар алдымен технопарктің көрме залына ұйымдастырылған университеттің инновациялық жетістіктері көрмесін тамашалады. Онда білім ордасының әр факультетінің бастамасымен жүзеге асырылған жобалармен танысты.
Пленарлық мәжілістің салтанатты ашылуынан соң конференцияның жұмысын Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Нұрлан Темірбеков жүргізді. Алдымен еліміздің Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылды.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің атынан облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев сөз сөйлеп, Ахат Сәлемхатұлының өңірдің металлургия саласын түлетуге қосқан ерен еңбегіне кеңінен тоқталды.

Мұнан соң белгілі металлург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Халық Қаһарманы» Алтын Жұлдызының иегері, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың химия, металлургия және байыту кафедрасының профессоры болған Ахат Сәлемхатұлының бірге жүрген замандастары, өнеркәсіп ұйымдарының өкілдері ол жайлы естелік лебіздерімен бөлісті. Жас ұрпақтың жадына аты аңызға айналған металлургтың өнегелі өмір жолы туралы көптеп сіңіру қажеттілігін жеткізді.

Бүгінде Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да оның есімімен оқу аудиториясы аталады. А.С.Күленов атындағы атаулы шәкіртақы тағайындалған.

Түстен кейін конференция жұмысы жекелеген секцияларда жалғасып, жиналған ғалымдар металлургиядағы инновациялық технологиялар мәселелерін қаузады. Кешкісін конференцияның қорытындысы өтіп, онда анықталған келешегі жарқын жобалар мен мақсаттар Білім және ғылым министрлігіне жолданатын болды.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив