KZ
Өскемен
+4°
туман жел 2 м/с, В
478.93 534.96 5.16

ҚАМСЫЗ ОТЫРМАУ КЕРЕК

10.04.2012, 18:00 198


Облыс аумағында көктемгі қар суынан төніп тұрған айтарлықтай қауіп жоқ. Глубокое, Зырян аудандары мен Риддер қаласында қардың жиналған қоры жылдық мөлшерден сәл асып тұрғанымен, жалпы өңірдегі жағдай қалыпты. Дегенмен қауіп жоқ деп қамсыз отыруға болмайды, тасқынның алдын алу шаралары жазға дейін жүргізілуі керек. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыс әкімдігінде селекторлық режимде өткен мәжілісте барлық жауапты орындарға осындай тапсырма жүктеді.

Облыс әкімінің орынбасары Айтқазы Шерубаевтың келтірген деректеріне сенсек, облыстағы жалпы жағдай алаңдаушылық туғызбайды. Бірақ кейбір аудандардағы өзендер мен бұлақтардың арналарын дер кезінде тазартпау салдарынан жұртшылықты әбіргерге түсірген бірқатар оқиғалар болыпты. Мәселен, Катонқарағай ауданына қарасты Ақсу, Ақмарал, Көктерек, Үштөбе, Свинчатка ауылдарында өзен арналары мерзімімен тазартылмай, көктем шыға қызыл су жайылған. Дей тұрғанмен қазір бұл жерлерде қауіптің беті қайтарылған, тұрғындардың сергелдеңге түсуіне себеп жоқ.

Облыс басшысының тапсырмасы бойынша сәуірдің 2-сі күні арнайы мамандар Катонқарағай ауданына барып, Сенное және Барлық ауылдарына жақын маңдағы Бұқтырма өзенінде жүргізілетін мұз жару жұмыстарының мерзімін анықтап қайтты. Өзен арнасын тексеру барысында мұздардың көшуі басталғанға дейін жару амалдарын тоқтата тұруға шешім қабылданған. Себебі, сіресіп жатқан мұздарды жарған уақытта өзенде бос кеңістік болмайтындықтан, судың ағуына кедергі келтіреді. Сол себепті мамандар жару жұмыстарын сәуірдің 7-сі мен 20-сы аралығында орындамақ.

Айта кету керек, Катонқарағай ауданындағы Барлық ауылының жанынан өтетін Бұқтырма өзенінің және Ақмарал ауылының іргесінен ағатын Быструшка өзенінің жағалауларын бекіту үшін 18 млн. 558 мың теңге шамасында қаржы бөлінген-ді.
Сонымен қатар жергілікті басшылардың алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізбеуінен Глубокое ауданында Опытное поле, Белоусовка, Кожухово сияқты елді мекендерін су басу қаупі төнген.

– Кожухово ауылындағы жағдайды көзімізбен көрдік. Сол жерде отыз жылдан астам тұратын тұрғындардың сөзіне қарағанда топан сумен жыл сайын алысып келеді екен. Отыз жылдан бері осы мәселені бір жағына шығаруға болар еді ғой. Арықтың арнасын біраз тереңдетіп, кеңітіп қазып қойса, жеткілікті ғой, ешқандай қиындығы жоқ. Жергілікті басшылар неге мұны қаперге алмайды? – деп атап өткен Айтқазы Шерубаев Бородулиха, Аягөз аудандарындағы су басу оқиғаларына тоқталды.

Бородулиха ауданында қардың жылдам еруі салдарынан жергілікті әкімдіктің балансындағы Сарадеев қоймасындағы судың көлемі артып, ағызу каналы арқылы Ера өзеніне құйылған. Бұл Переменовка ауылындағы Первоймайск көшесіне су басу қаупін төндірген. Сондықтан осы көшенің тұрғындары ауыл мектебінің ғимаратына уақытша көшірілген. Абырой болғанда түнге қарсы ауа температурасы төмендеп, судың деңгейі өз орнына келген. Ешқандай шығын жоқ. Топан су қаупі Переменовск ауылдық округі әкімінің дер кезінде су қоймасының тораптарын мұздан тазаламауынан туындаса керек.

Облыс әкімі жиын үстінде Аягөз, Глубокое, Үржар, Зырян, Катонқағарай аудандарының, Семей, Өскемен қалаларының басшыларымен тілдесіп, қарғын суға қарсы атқарылып жатқан іс-шаралардың барысымен танысты.
.
Аудан және қала басшыларымен байланысқа шығып, мән-жайға қаныққан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қар суынан келетін қауіптің беті қайтқанша арқаны кеңге салып жүруге болмайтынын, барлығына тас-түйін дайын отыру қажеттігін қадап тұрып тапсырды.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив