KZ
Өскемен
+14°
пасмурно жел 2,3 м/с, ОШ
441.44 473.09 4.75

Өскемен табиғаттың тосын мінезіне дайын ба?

13.03.2012, 18:00 237


Биылғы наурыз айының салқындығынан қар баяу еріп, су тасқынының қаупі азайып отыр. Алайда, бейқам жатқан ешкім жоқ. Өткен жылдың ащы сабақтары биыл табиғаттың тосын сыйын күтіп отырмай, алдын алу шараларын ерте бастауға негіз болды. Өскемен қаласының су тасқыны қаупі төніп тұрған аймақтарын аралаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жағдайды көзбен көріп, алдағы уақытта атқарылар бірқатар шараларды белгіледі.

Бүгінде қауіпті деген бес нысан бар. Олар – Ескі Согра ауданындағы Үлбі өзенінің оң жағалауы, Солнечный кентіндегі су жинайтын тоған, ескі жылыжайлар орналасқан аудандағы Безымянный ключ арығы, Скалистое көшесінің жанынан өтетін Моховка өзені мен Загородный кентіндегі тау үсті арығы мен сол аудандағы бірқатар арналар мен көпірлер.
Жалпы алғанда барлық нысандарда өзен мен арық арналарын тазарту, жағалауларын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қауіпті аймақтар күндіз-түні бақылауға алынған.
Қалалық төтенше жағдайлар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдері мамандарының айтуынша, Солнечныйдағы су жинайтын тоған, Безымянный ключ пен тау үсті арықтары биыл мәселе тудыра қоймайды. Тоғандағы су биыл жылдағыдан әлдеқайда аз, сол сияқты Моховка өзенінің деңгейі де жылдық нормадан 20 пайызға төмен. Бұл бағыттарда шлюздерді тазарту, дамбаларды биіктету жұмыстары жүргізілді. Жағалаудағы топырақ бекінісінің жағдайы қалыпты дейді мамандар. Сондықтан биыл бұл су қоймалары тосын мінез танытпауға тиіс деп күтілуде.
Безымянный ключ арығы – жағалаудағы топырақ үйіндісінің биіктігі 1,8 метрге жететін жасанды арна. Өткен жылы арық арнасы бағытын ескі жылыжайлар орналасқан аудандағы диаметрі 800 мм. жауын-шашын коллекторына қарай ойыстырған. Осы жерден су Үлбі өзеніне барып құяды. Бұл саяжай учаскелерін су басып қалу қаупін сейілтті әрі Моховка өзенінің суын азайтуға сеп болды. Қазіргі таңда өзен арығының арнасы экскаватордың көмегімен тазартылып жатыр.
Ұзындығы шамамен екі шақырым болатын тау үсті арығы да жасанды арналардың бірі. Үлкен шоқының ойысында орналасқан бұл арық еріген қар суын өзіне жинайтын бөгет ретінде қызмет етеді. Еріген қар суы арыққа жиналып, артынан Овечий ключке құяды.
Жоғарыдағы су қоймаларының жағдайы қалыпты, алдын алу шараларын жалғастыра берсе, тұрғындарға қауіп төндіре қоймайтынын атап өтті қала басшылығы мен төтенше жағдайлар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер.
Ал Үлбі өзеніндегі жағдай мүлдем басқаша. Ескі Согра ауданындағы Городская көшесінің бірқатар үй-жайларын су басып кету қаупі бар. Бұл жерде жылда жағалауды бекіту, арналарды тазарту жұмыстары жүргізілгенімен, Үлбінің тасқыны жолындағы бөгеттерді місе тұтпай келген. Тасқынның алдын алу шаралары биыл да жылдағыдан артық жасалмаса, кем жасалып жатқан жоқ.
«Жағдайдан қалай шығуға болады, күн күрт жылынып кетсе, су үйлерге дейін жетеді, не істеу керек?» деген облыс Әкімінің сауалына қала әкімінің орынбасары Дмитрий Каврыгин жауабын берді.
Оның айтуынша, жағалауды бекіту шаралары жалғаса береді. Үлбінің арнасы тазартылады. Бірақ Үлбінің мәселесі мұнымен шешілмейді.
Қазіргі таңда Үлбі өзенінің жағалауына он шақырым қашықтықта үйінді жасау жөніндегі жобалық-сметалық құжат да-
йындалып жатыр. Бірақ бұл біраз қаржы-ны талап етеді, әрі бір жылда бітетін іс емес. Биыл қорғаныс бөгетінің алғашқы шақырымдары бой көтере бастамақ.
Городская көшесінің тұрғыны Л.Базы-ляктің сөзіне қарағанда, Үлбінің жағалауы жылдан-жылға үйлерге жақындап келе-ді. Осыдан он жылдай уақыт бұрын қазіргі өзен үстінде өсіп тұрған ағаштар жаға-лауда орналасқан болатын. Ескі Согра ау-данындағы Үлбі біртіндеп кеңіп, бұрын-
ғы жағалауды өзіне қосып алған. Өткен жылғы тасқында өзенде өсіп тұрған ағаш-тар судың екпінінен тамырымен құлаған көрінеді. Сондықтан жағалауға топырақ се-уіп, оны биіктете түсу тек уақытша шаруа.
Бердібек САПАРБАЕВ бөгетке қатысты жобалық-сметалық құжатты жылдам аяқтауды тапсырды, сондай-ақ, Үлбінің жағалауын бекіту ісін үдете түсуді, өзен арнасын тазартуды тоқтатпауды жүктеді.
Ұзындығы 40 шақырым болатын Моховка өзенінің Өскемен қаласына тиесілісі 5 шақырым. Сол бес шақырым жылда қала басшылығы мен өзен маңындағы тұрғындарды әуреге салатыны бар. Моховканың жоғарғы ағысына бірнеше арық келіп құяды. 1962 жылдан бері «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның өндірістік қалдықтары осы өзенге лақтырылады. Өзеннің ені шамамен 4-8 метрге дейін жетеді, кей жерлерде оның ені тіпті бір метр. Моховка өзенінде Солнечный кентінде орналасқан су жинайтын тоған орналасқан. Моховка үлкен өзендер қатарына жатпаса да, қаупі айтарлықтай. Бар мәселе өзен арнасының иірімді әрі қалтарыс-бұлтарыстары көп екендігінде. Сондай-ақ, өзен үстінде ағаштар мен бұталар өсіндісі көп. Қалың қарлы қыс болған жылдары көктемде өзен тасып, жақын маңдағы Скалистое, Дружинников, Юнаты көшелерінің үй-жайларына дейін жетіп отырған. Биылғы қыста қар қалың болмағандықтан, сондай-ақ, алдағы апталарда күннің күрт жылынуы күтілмегендіктен, қар баяу еріп жатыр.
Бірақ босаңситын уақыт әлі алда екендігін атап өткен облыс басшысы өзен арнасын тазалауды бүгіннен бастау керектігін алға тартты. Қала әкімі Серік Тәукебаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынған, қазіргі күні өзеннің арналары тазартылып, ағаштар кесілуде, сондай-ақ, Моховканың маңынан суды айдайтын тағы бір арна қазылды. Өзен жағалауында алғашқы 150 метр жерге биіктігі 1,5 метрлік топырақ үйіндісі себілді. Алдағы уақытта мұндай бөгеттер қала аумағындағы барлық бес шақырымды қамтымақ.
Қаладағы қауіпті деген аудандардың жағдайымен танысқан облыс басшысы тасқынның алдын алу шараларының көңіл көншітетіндігін атап өтті.
– Өткен жылдардан сабақ алып, жағ-дайды бақылауда ұстап отырғандығымыз дұрыс болды. Биылғы наурыз айының салқындығы да пайдасын тигізіп отыр. Соған қарамастан қол қусырып отырмау керек. Өзендер мен арықтардағы кезекшілік тәулік бойы жұмыс істеуі қажет, қар қалыңдығы мен мұздың еруін үнемі бақылауда ұстау да маңызды. Жағалауды бекіту мен өзен арналарын тазартуды және тереңдетуді тоқтатпау керек. Барлық гидротехникалық құрылымдар, шлюздер мен тоғандарды тағы бір мәрте тексеру қажет. Тек сонда ғана біз табиғаттың тосын мінезіне қауқарымыз жетеді, тұрғындардың да ұйқысы тыныш болады, – деді Әкім.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив