KZ
Өскемен
+17°
переменная облачность Штиль
479.05 534.57 5.17

Қатым түсіру шариғатқа қайшы емес

26.03.2012, 18:00 357


Соңғы кездері намазхан бауырлардың арасынан «марқұмның жетісі, қырқы, жылын беруге, қатым түсіруге болмайды, ол шариғатта жоқ» деген сөздерді жиі естіп жүрміз. Алайда ешнәрсенің байыбына бармай жатып «анау болмайды, мынау болмайды» деп, ата-бабаларымыздың ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі дінін терістеудің өзі ағаттық.

Шынтуайтына жүгінсек, ата-бабаларымыз ислам дінін бізден жақсы түсінген және соған орай амал-құлшылығын жасаған. Марқұмның жетісін, қырқын, жылын беру немесе қатым түсіру амалдарын да олар шариғат үкіміне сүйене отырып атқарған.
Сахих Мүсілімнің кітабында (5-том, 73-бет) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш түрлі кісінің амал дәптері өзі өмірден өтсе де жабылмайды. Олар: садақа берген, білім берген және артында салиқалы ұрпағы қалып, дұға еткен адам» деген.
Имам Тирмизидің хадис кітабында Омар бин Хаттабтан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Аллаһ тағала тәубелеріңді жандарың алқымдарыңа келгенше қабыл етеді» дейді. Яғни, жан денені тастап шыққанда оның тәубесі қабыл емес. Осы мезетте марқұм бұл дүниедегі тірі адамға мұқтаж болып қалады. Өйткені, оның дұға тілегі қабыл. Оған дәлел «Бақара» сүресінің 186-аяты: «Егер менің құлым мен жайында сұраса мен оған жақынмын, сұраушының тілегін қабыл етемін».
Осы жоғарыдағы аят пен хадистен түсінеріміз Аллаһ тағала тірі адамның қандай дұға-тілегі болса қабыл етеді.
Имам Ал-баззар өзінің «Мажмағул зауайд» атты кітабында Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген сахих хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Аллаһ тағала қиямет күні бір адамның дәрежесін көтергенде, әлгі адам:
– Уа, Раббым! Менің дәре-жемді не үшін көтердіңіз? – деп сұрайды.
Аллаһ тағала оған:
– Балаңның саған жасаған дұғасы үшін, – деп жауап береді.
Міне, қарап отырсақ бұл хадис мәйітке дұғаның пайдасы бар екенін дәлелдейді. Осы жөнінде басқа да хадистер жетерлік.
Сол сияқты өлген адамға оқылатын қатым, берілетін жетісі, қырқы және жылының да өзіндік пайдасы бар. Өйткені өлген адамға арнап жайылған дастарқан, оған берілген садақа болып саналады. Ал садақаның мәйітке сауабы жететініне дәлел хадисті жоғарыда келтірдік. Оған қоса қатымда мәйітке дұға етеміз, ол дұғаның мәйітке жететіні туралы хадис-шәріпте айтылған.
Екіншіден, қатым түсіруші мәйіттің жақындарына да оның пайдасы бар. Бұл хақында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Әр қонақ сол шаңыраққа он ырыздықпен келеді де, біреуін жеп, тоғызын тастап кетеді».
Ырыздық ол – мал-мүлік, ғұмырының ұзақтығы, дүниеге сәби келу, т.б. Олай болса, қатым түсіріп отырған шаңырақтың ризығы арта түсетіні ақиқат.
Үшіншіден, дін-насихатына жол ашылады. Қазақта «ағайын бір тойда, бір өлімде» деген сөз бар. Осындай өлім-жітімде ағайын, құда-жекжаттың басы қосылады. Сол жиналған жұртқа имам уағыз айтып, халықты имандылыққа шақырады. Мұндай шараларда дінімізді мүмкіндігінше көпшілікке насихаттай аласыз. Яғни, жиындар болмаса, мешіт пен халықтың арасындағы байланыс үзіледі.
Төртіншіден, бірлікке шақы-рады. Өлім шыққан үйге туысқан-дары жиылып, көңіл айтып, материалдық және басқа да көмектер көрсетеді. Бұл, әрине, ағайынның бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін арттырады. Ислам діні туған-туыстың қарым-қатынасына ерекше мән береді.
Имам Бухари мен Мүсілімнің хадис кітабында: Жабир ибн Мутғимнан (р.а.) жеткен хадис-те: «Туысқандықты үзген адам жәннатқа кірмейді» деген.
Әрине, марқұмның жетісі, қырқы, жылын өткізу, қатым түсіру шариғатта рұқсат етілген. Алайда мұны харамға айналдырып алмауымыз керек. Егер сіз қатым түсіруде қаражаттан қиналып, сол үшін банктен несие немесе жеке бір тұлғадан қарыз алып, жасап жатсаңыз дұрыс емес.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив