KZ
Өскемен
+2°
туман Штиль
478.93 534.96 5.16

ӘЛИЯНЫҢ ӘН КЕШІНЕН ЖҰРТ ӘСЕРЛЕНІП ҚАЙТТЫ

22.03.2012, 18:00 231


Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында жас әнші Әлия Әбікенова «Бұлбұл құс» атты жеке шығармашылық кешін өткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы мен Атырау облыстарында жұртшылықты өз өнеріне тәнті еткен Әлия Ұлыстың ұлы мерекесі қарсаңындағы үшінші концертін Шығыс топырағында ұйымдастыруды жөн көріпті.
Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киіп, көз тартар сән-салтанатымен сахна төріне әнші қыздары шыққанда халықтың қошеметі ерекше болды. Шындығын айтсақ, бүгінгі қазақ эстрадасында халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын әншілер саусақпен санарлық. Ал Әлияның ән қоржынындағы туындылардың көбі халық әндері, сондай-ақ, сөзі мен әуені үйлесім тапқан мағыналы әндер де бар. Демек, бұл өнер иесінің шығармашылық талғамы жоғары екендігін көрсетсе керек.
Кеш барысында «Бүлдірген», «Бұлбұл құсым», «Екеуің-ай», «Бұлбұлым» сынды халықтық туындылармен қатар «Алақаннан ұшқан аққуым», «Ақ босаға», «Өкініш тамшылары», «Есіл дүние-ай» тәрізді тыңдарман қауымға жақсы таныс әндер де шырқалды.
Әлияның ән кешіне өнердегі ұстазы, сыйлас әпкесі Майра Ілиясова, дәстүрлі әнші Ләззат Жоламанова да арнайы келген екен. Кеш соңында Әлияның өзімен және Майра Ілиясовамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

Әлия Әбікенова, әнші: - ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ ЖАНЫМА ЖАҚЫН...

– Шығыс жеріне қош келдіңіз! Қателеспесем, Алтай баурайына өнер көрсетуге алғаш келіп отырсыз...
– Талай алыптарды дүниеге әкелген киелі Шығыс өлкесіне жеке шығармашылық концертпен алғаш келіп тұрмын. Оның үстіне алдымызда әз-Наурыз келе жатыр. Мереке қарсаңында өнерсүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелерімен құттықтай келіп отырмын.
– Ән қоржыныңызда сөзі мен әуені үндескен мағыналы дүниелер көп екен. Ән таңдауда ең әуелі неге назар аударасыз?
– Менің репертуарымда халық әндері, жастар сүйіп тыңдайтын ойнақы әндер де бар. Дегенмен, жүрегіме, жаныма жақыны - халық әндері. Өйткені, бала кезімнен халық әндерімен сусындап өстім. Сол себепті де ұлттық бояуы қанық туындыларды орындауға тырысамын. Ал таңдауға келсек, қазақ халқының кез келген әні «құлақтан кіріп бойды алатын» құдіретті екенін айтып жатудың өзі артық шығар.
– Жасыратыны жоқ, сізді Шығыс жұрты жақсы таниды деп айта алмаймыз. Ендеше, өзіңізді оқырмандарға қасқаша таныстыра кетсеңіз.
– Мен Алматы облысы, Ақши ауылында туып, өстім. Отбасылық жағдайға байланысты көптеген қалаларға қоныс аудардық. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласында тұрып жатырмын, сол жерде Сүйінбай атындағы филармонияда жұмыс істеймін. Жастайымнан домбыраға, әнге әуес болдым. Домбырамен ән салмағаныма да біраз болды, бірақ алдағы уақытта қазағымның қасиетті қара домбырасын қолға алып, ұлттық өнерді насихаттауға үлес қосу ойымда бар.
– Келешектегі шығармашылық жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Әншілердің жоспары ән жаздыру, бейнебаян түсіру ғой. Мен алғаш өнерге қанат қаққан кезімде маған жол көрсеткен Бекет Есентаев деген композитор ағамның «Өмірге сауал» деген өз өмірі жайында жазып кеткен әніне наурыз айының аяғында бейнебаян түсіргелі жатырмын. Жеке шығармашылығымды дамыту бағытында басқа да атқаратын істер көп, олардың бәрін тізіп жатпай-ақ қояйын. Уақыты келгенде көре жатарсыздар.
– Байқаймын, бүгінгі кешіңізді көрермен қауым жылы қабылдады, өзіңіздің көңіліңізден шықты ма?
– Өнерді ерекше ықыласпен тыңдаған өскемендік ағайындарға шын жүректен басымды иіп ризашылығымды білдіремін. Бұл менің алғашқы сапарым болғандықтан, сіздермен әлі талай қауышамын деген ойдамын.



Майра Ілиясова, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:
- ШЫҒЫС ЖұРТЫ ШЫНАЙЫ ЫҚЫЛАС ТАНЫТТЫ


– Әлияның өнерде де, өмірде де жоғары құрметтейтін әпкесі екенсіз. Оның шығармашылығымен қай кезден таныссыз?
– Әлиямен танысқаныма үш-төрт жылдың көлемі болды. Алғаш Мақпал Жүнісованың есеп беру кешінде кездестік. Сол кезде оның бойындағы қазақ қызына тән қасиеттері, сахнада өзін-өзі ұстауы, ешкімге ұқсамайтын сахналық киім үлгісі маған қатты ұнады. Кейінгі кездері менің «Жан анам», «Сағындырған әндер-ай» жобаларыма қатысып жүр. Бұл жобаларға қатысатын әншілерге қойылатын талаптар қатаң: біріншіден, әнді бұзбай айту, екіншіден, өңделуі жоғары дәрежеде болуы, үшіншіден, киім үлгілері біздің талапқа сәйкес өте жоғары сапада тігілуі керек. Міне, Әлия осы талаптардың бәрін орындай білген әнші. Сонымен қатар қазақтың халық әндеріне көбірек көңіл бөледі.
«Қасымда болып, маған көмектессеңіз» деп қолқа салған соң, Әлиямен бірге ел аралап, шығармашылық кештерін өткізіп жатырмыз. Наурыз мерекесі қарсаңында менің туған жерім Шығыс еліне сәтіміз түскен екен. «Баласы атқа шапқанда, анасы тақымын қысып отырады» дегендей, мен бүгінгі Әлияның концертін көріп, ерекше қобалжудамын. Осы концерттің алдында «Әлия, сен өте талғамы жоғары Шығыс жеріне келдің, бұл жер сені жақсы қабылдап, жоғары бағаларын беріп жатса, онда нағыз әнші болғаның» деп айтқанмын. Міне, айтқандай-ақ халық өз бағасын берді. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында үлкен шығармашылық кешін өткізу ойда бар.
– Сіздің бірнеше жобаларыңыз бар. Алдағы уақытта көрермендерді тағы да қандай тың жобалармен қуантпақсыз?
– Биыл бір ерекше жемісті жыл сияқты. «Майра» продюсерлік орталығының құрамы кеңейіп жатыр. Олай дейтін себебім, «Ерке», «Қыздар-ай» топтарынан басқа осыдан бір жарым жылдай бұрын «Сақ-этно» тобы өнер додасына қосылды. Сондай-ақ, екі домбыра, бір жетігенмен халық әндерін орындайтын «Керім сал» тобын, классикалық әндерді орындайтын «АқҮм» дуэтін және Қытайдан келген екі бишіні продюсерлік орталығыма қабылдадым. Бүгінде бірінші кезекте «Ерке» тобына бейнебаян түсіруді қолға алғанбыз. Одан кейін «Керім сал» мен «АқҮм» дуэтіне де бейнебаян түсіру жоспарда бар.
- Әңгімеңізге рахмет!

Назерке Ахметова
Өскемен.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив