KZ
Өскемен
+6°
ясно жел 1 м/с, В
479.05 534.57 5.17

2012 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына бірқатар жаңалықтар енгізілді

1.03.2012, 18:00 215


Ағымдағы жылы Бағдарламаны жетілдіре түсу үшін халықты жұмыспен қамту Бағдарламасына тиісті шаралар енгізіледі, сол арқылы ел Үкіметі Қазақстан өңірлерінде Бағдарламаны ауқымды түрде жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев халықты жұмыспен қамту Бағдарламасын ауқымды түрде жүзеге асыруға көшу керек деген міндет қойды.

«Үкімет пен әкімдерге ағымдағы жылы осы бағдарламаны ауқымды түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл жерде ауылдарда жұмыс істейтін халықты шағын несиелермен қамтамасыз ету туралы сөз қозғалып отыр. Қалада жұмыс істегісі келетін адамдарды мемлекет есебінен оқытып, жұмысқа орналастыру керек. Бағдарлама аяқталатын 2020 жылға қарай біз 1,5 млн. адамда сапалы жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек», - деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

Елбасының тапсырмасын орындау үшін ел Үкіметі бағдарламаны жетілдіру бойынша бірқатар шараларды әзірледі.

Атап айтсақ, халықты оқытып, еңбекпен қамтуға көмектесуді көздейтін бағдарламаның бірінші бағыты бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар, жұмыссыздар және әлеуметтік аз қамтылған халықпен бірге, жалдамалы жұмысшыларға да қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға мүмкіндік беру жоспарлануда.

«Ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына көмектесу» атты Бағдарламаның екінші бағыты бойынша тек ауыл тұрғындарына ғана емес, облыс орталықтарынан басқа қалаларда тұратын халық үшін де шағын несие беру көзделуде. Сонымен қатар, облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында осы шаһарлар аумағына кіретін елді мкендердің тұрғындарын да шағын несие берумен қамту жоспарға алынған.

Айта кетерлігі, жұмыспен қамту Бағдарламасында шағын несие берумен қатар, қатысушыларды тегін түрде кәсіпкерлік негіздеріне үйрету көзделген. Енді алған несиелеріне қарамастан, ниет танытқан кез келген адам оқудан өте алады.

Ауылдарда жұмыс орындарын ашу үшін ауылды елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік-коммуникациялық ифрақұрылым нысандарын жөндеу, ауылдарды абаттандыруды көздейтін жобаларды жүзеге асыру арқылы бағдарламаға жаңа төртінші бағыт енгізу ұсынылуда. Бұл бағыт 2009-2010 жылдарға арналған Жол картасы сияқты іске асырылатын болады.

Көші-қон саласына енгізілген өзгерістерге байланысты, атап айтқанда, «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» атты үшінші бағыт бойынша «Жұмыспен қамту-2020» Бағдарламасына оралмандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейтін қосымшалар енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, жұмыспен қамту Бағдарламасының тетіктері арқылы бағдарламаға шағын қалаларда тұратын азаматтардың қатысуын және олардың облыс аумағынан қоныс аударуы мен көшуге субсидия беруді көздейтін бағыт енгізілетін болады.

Осы және өзге де шараларды жүзеге асыру ағымдағы жылы Бағдарламаның кең ауқымда іске асуына мүмкіндік береді. Жоспарланып отырғандай, бағдарлама аяқталатын 2012 жылдың соңына қарай 1,5 млн. қазақстандық сапалы жұмыс орындарында қызмет істейтін болады.

bnews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив