KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, З
471.83 505.66 5.4

Топокеңістігімізді тазартпай, ТІЛІМІЗДІҢ ТАҢЫ атпайды

28.02.2012, 18:00 150


Шығыс Қазақстанның топонимикалық кеңістігін жеке алып қарағанда, оның тілдік қабаты (стратиграфиясы) үш қабаттан тұратыны анық байқалады. Біріншісін есте жоқ ерте заманнан бері келе жатқан, осы өлкенің байырғы тұрғындарының тілінен жасалған түркі қабаты құрайды. Тілтаным ғылымында шартты түрде Алтай тіл бірлестігі дәуірі, сақ, ғұн, түркі кезеңдері деп бөліп жатады, алайда нақты бір жер-су атауының қашан пайда болғанын тап басып анықтау қиын.

Ономастикаға түбегейлі
өзгерістер қажет

Сонда да көне атауларға Алтын йыш-Алтынтағ-Алтынтау (қазіргі Алтай), Мұзтағ-Мұзтау, Ертіс, Бұқтырма, Күршім, Аршаты, Алтықыз, Қаба, Бейнетеңіз (қазіргі Зайсан), Барқытбел (қазіргі Тарбағатай), Қалба сияқты топонимдерді жатқызуға болады. Түркі қабаты қазіргі аумағымызда ресми тіркеліп жүрген 20 000 атаудың 74,8 %-ын құрайды.
Екінші қабат ХІІІ ғасырдан бастап еніп, 1755 жылдарға дейін, яғни, Жоңғария мемлекеті құлағанға дейін жалғасқан моңғол тілді топонимдерден тұрады. Ол атаулардың көбін қазақтар қайтадан өз тілдеріне аударып алса, көбі фонетикалық өзгеріске түсіп, тілімізге бейімделіп кетті. Мысалы, Алтай, Зайсан, Тарбағатай, Қалжыр, Күрті, Тұрғысын, Тайынты, Арқауыл, Бүркітауыл, Долон, Ұлан, тағы басқалар. Облысымызда шамамен 10%-дай моңғол атаулары сақталып қалған.
Үшінші қабатты Жоңғария мемлекеті құлағаннан кейін көп ұзамай келе бастаған славян тілдеріндегі топонимдер құрайды. Ол атаулар 1760, 1870 жылдардан бастап, үздіксіз еніп жатты. Аймақ атауларының 15%-ы орыс, украин, беларусь тілдерінен жасалған: Быструшка, Тихая, Сухойлог, Каменка, Шеманаевка, Николаевка, тағы басқалар.
Шығыс Қазақстанда угро-фин тілдерінен Согра (батпақ, саз), араб-парсы тілдерінен Дара-Дере (тау шатқалы) тәрізді бірді-екілі топоним кездескенімен, олар жеке-жеке тілдік қабат құрай алмайды.
Бұл айтқанымыз Шығыс Қазақ-стан топожүйесінің қалыптасу тарихын білдіреді, ал аймақ топонимдерінің қазіргі жағдайы мен болашақ даму жолы қандай деген заңды сұрақ туады. Қазақстанда әлі де шешімін таппаған мемлекеттік тіл мәселесінің ішінде оның құрамдас салалары – термин мен ономастика да бар екенін ұмытуға болмайды. Тілдің ұлттық бейнесі осы екі салада айқын көрініс беретін себебі, олардың күнделікті өмірде жиі қолданылатындығында болса керек.
Шығыс Қазақстан ономастикасы түбегейлі өзгерістерді қажет етеді. Оның ішінде этнонимдер бізге дайын қалпында мұраға қалғандықтан, өзгертуге құқығымыз да, құдіретіміз де жоқ. Антротопонимдер араб-парсы және басқа тілдерден енген есімдермен біршама шұбарланған болса да, ол кезек күттірмейтін іс емес. Қазіргі кезде ең өзектісі – топонимдерді жөнге келтіріп алу, өйткені адам есімі де, өмірі де өтпелі, уақытша құбылыс, ал жер-су атаулары – мәңгілік. Топонимдер жас мемлекетіміздің ұлттық келбетін айқындайтын символдар қатарына жатады.
Сондықтан аймақтың топокеңіс-тігін ретке келтірудің мынадай алғышарттары мен жолдары бар: Шығыс Қазақстан облысында ресми тіркелген 20 000 макро және микротопоним бар десек, оның 3 000-ы славян тілінен енген және олардың лексикамызға енгеніне 300 жылға жуық болған. Бұл мезгілде географиялық нысанның тарихи аты ел жадынан шығып кетуі – заңды құбылыс. Ол нысандардың түркілік не моңғолдық тарихи аттары ешқандай мұрағатта сақталмаған. Бұдан туындайтын мәселе – кірме атаулардың орнын басатын топонимдердің табылмауы. Соның кесірінен атсыз қалған немесе ауыстырылған нысандарға Ақмарал, Береке, Бейбітшілік, Махаббат тауы, Өркениет, Ынталы, Бақыт, Шаттық тәрізді жер бедеріне қатысы жоқ атаулар беріле бастады. Белгісіз есімдерден жасалған антротопонимдер қаптап кетті. Көрші тұрған табиғи нысанның атын ала салу әдісі пайда болды. Мәселен, Георгиевка – Қалбатау, Завидное – Айыртау сияқты. Бұны жақсы үрдіс деп айту қиын. Жер мен су – атымен, затымен қоса – сол жерді мекендеген халықтың байлығы екенін ескерсек, ондай бейберекеттікке жол беруге болмайды.
1996 жылы 23-мамырда мақұл-данған «Қазақстан Республикасы-ның мемлекеттік сәйкестілігін қа-лыптастыру тұжырымдамасында» Қазақстанның өз мемлекеттілігін нығайту мен жетілдіру міндеті қойылған еді. Ол құжатта: «...Мем-лекеттілік – кез келген қоғам үшін, кез келген халық үшін дамудың басты шарты. Олардың тағдыры да, бүгіні мен болашағы да, игілігі мен гүлденіп-көркеюі де мемлекеттілігіне байланысты... Мемлекеттік сәйкес-тілік дегеніміз – мемлекетке тән барлық элементтердің тәуелсіз мемлекет белгілеріне сәйкес келуін білдіреді» делінген. Сәйкестіліктің бір элементі ретінде «Қазақстан Республикасындағы ұйымдарды, теміржол бекеттерін, әуежайларды, сондай-ақ, физикалық-география-лық нысандарды атау мен қайта атаудың және ол атаулардың транскрипциясын өзгертудің тәртібі» бекітілген болатын. Сол уақыттан бері мемлекеттің ұлттық бейнесін қалыптастыру жолында көптеген істер істелді: діні, тілі, шекарасы, астанасы, ұлттық рәміздері мен менталитеті анықталды. Орындалған жұмыстардың ішінде мемлекеттік тіл саясатының аясына енетін ономастикалық мәселелер де болды. Ол істердің басым бөлігі егемендіктің алғашқы жылдары қауырт көтерілген патриоттық сезімнің арқасында жүзеге асты.

Бес аудан неге белсенділік
танытпай отыр?

Алайда егемендіктің екпінімен, буырқанған сезіммен жасалған істерде асығыстық, ретсіздік болмай қоймады. Ақырында ұлттық оянудың алғашқы кезеңі аяқталып, мемлекеттік тіл мәселесі, өзінің терминдік, ономастикалық салаларымен қоса, дағдарысқа ұшырады. Аста-төк сезімнің, эмоцияның ұлы істерге дәрменсіз екені тағы да анықталды. Ұлттық оянудың алғашқы сатысында міндетті түрде болатын “сезімге бой алдыру” үрдісі қазір сабасына түсті. Енді саналы түрде салмақты зерттеулер жүргізу қажеттілігі туды. Негізінен мынадай қателіктер жіберілді:
Біріншіден, Қазақстанды әлемге танытатын белгінің бірі болып табылатын оның физика-географиялық нысандарының атаулары біртұтас ұлттық сипатқа ие болған жоқ. Ауыс-тыруды қажет ететін кірме, саяси, жасанды атаулардың пайызы әлі де жоғары. Мәселен, облысымыздың Көкпекті, Глубокое, Зырян, Бородулиха, Бесқарағай аудандарында жер-су аттарын мемлекеттілікке сәйкестендіру шаралары жүзеге аспай жатыр. Онан кейін атауларды ауыстыру кезінде сауатсыздық, жауапкершілікті сезінбеу, «өзім білемдікке» салыну орын алуда. Жергілікті жердегі атқарушы ұйымдардың табиғи нысанға, елді мекенге атау беруде қателесуге құқығы жоқ, өйткені ол атау мемлекеттік рәміздер қатарына еніп, саяси-географиялық картада таңбаланып, Қазақстанның болашағына қызмет ететін болады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы, оның ономастика бөлімі қаншама конференция, дөңгелек үстел өткізіп, атауларды дұрыс ауыстырудың жолдарын көрсетіп жатса да, аудандық, ауылдық, тіпті қалалық әкімшіліктің елді мекен, көше атауларын ауыстыруда белсенділігі тым төмен. Айтып өткен кемшіліктер мен қателіктерді реттеудің жолдары қандай? Енді соған келейік.
Ең алдымен табиғи нысанның бұрынғы (түркі не моңғол тіліндегі) тарихи аты табылмаған жағдайда, ол нысанға жас балаға есім бергендей етіп, жаңадан ат қою керек. Қазіргі аудио-видео техникалар мен көлік түрлері жетілген заманда жер-су аттарын анықтау немесе жаңарту үшін, географиялық нысандарды көзбен көріп, қолмен ұстап барып, тиісті шешім шығаруға әбден болады. Бұл – міндетті де. Өйткені сөзжасам (топонимжасам) арқылы тың атаулар жасамас бұрын, ол табиғи нысанды көзбен көріп, ерекше белгісін анықтап алса, атау мен нысан арасында сәйкессіздік болмас еді. Топонимжасам арқылы жаңа атаулар тудырғанда, ол атау (мәселен, сөз) географиялық нысанмен (мәселен, зат) үндес келіп жатуға тиіс.
Сонымен бірге кірме атауларды ауыстыру арқылы мейлінше шұбарланған Шығыс Қазақстан топокеңістігін тазалап алу міндеті тұр.
Тағы да кірме атаулармен бірге ке-ңестік дәуірде еніп, жадымызға сіңіп кеткен Алғабас, Еңбек, Жаңадәуір, Жаңаүлгі, Қызылжұлдыз тәрізді ұраншыл, саясатшыл атауларды да алмастыру қажет. Өйткені мұндай топонимдер жердің ерекше бір белгісін, бедерін білдірмейді. Қазіргі кезде ондай дерексіз сөздерден жасалған атауларды алмастырғанды қойып, қайтадан көбейіп келеді. Мысалы, жер-су аты ғылымынан хабарсыз көптеген «әуесқой топономистер» Ақмарал, Ынталы, Ынтымақ, Береке, Өркениет, Өргебас сияқты жалқы есімге ешқандай қатысы жоқ атауларды қаптатып жіберді. Сонда бұрынғы Алғабасты қазіргі Өргебасқа айырбастағанда не ұттық деген заңды сұрақ туады? Топонимиканың заңдылығын білмегендіктен, ойға келген атауды қоя салуға жол берілді. Тілдегі зат пен сөз сияқты, атау географиялық нысанды дәл белгілеуі керек деген қағида ұмытылған. Қазақ ықылым заманнан бері ақ тауды – Ақтау, қара тауды – Қаратау деп атағанын ескермейміз.
Қазіргі кезде жер-су аттары иесіз, қараусыз қалған сала болғандықтан, әркім өз тегінің атын шығаруды ойлайтыны жасырын емес. Оны да реттемесе болмайды. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов жерге адам атын қою қазаққа тән емес (кейбір микротопонимдер болмаса), оның Еуропадан келген үрдіс екенін айтады. Құрметті адамдарды мәңгілеу үшін қала көшелеріне, мектептерге, түрлі мекемелерге есімін берсе жеткілікті. Ал адам есімдерін жер-суға қоя беретін болсақ, көп ұзамай-ақ нағыз топонимдерді ығыстырып шығаратын боламыз.

Бердібек Бияров,
филология ғылымдарының
кандидаты, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив