KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 1 м/с, С
450.79 482.21 5.05

Жерде ЖЕТІМ ЖЫЛАСА, көкте періште күңіренеді

28.02.2012, 18:00 180


«Жетімді жылатудан қатты сақтаныңдар, өйткені, түнде адамдар ұйықтап жатқанда олардың зары жүреді, ал таң сәріде Раббысына көтеріледі де жылатушы үстінен шағым жасайды. Сонда Алла тағала жылатушының тиісті жазасын береді. Сондықтан жетімнің жылауынан мейлінше сақтаныңдар».
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріпінен

Сексенінші жылдардың басында бір Өскеменнің өзінде ғана төрт бірдей перзентхана болған. Әлде бізге солай көрінген шығар, ол кезде өмірге сәби келудің, перзент сүюдің қуанышы да ерекше сияқты еді. Енді бүгін сол сезім біртүрлі қасаңданып бара жатқандай көрінеді маған. Кей адамдардың, олардың ішінде кей аналардың періште-сәбиге деген айуандық қылығын көргенде, әсіресе кейінгі ұрпақтың шапағат шуағы кіреукеленіп, жүрегінің жылуы азайып кеткендей әсер қалдырады...
Менің өз балаларым да сол перзентхана-ларда дүниеге келді. Бір таныстың келіншегі босана қалса, “Қай перзентханада?” деп сұрайтынбыз. Өзі жылап, өзгені қуанта келген сәбидің денсаулығына тіпті алаңдамайтынбыз да. Ондай күдік те болмайтын біздерде. Ал бүгін ше? Бүгін сол перзентханалар орнын жетімханалар басты. Сенбесеңіз санап көріңізші, қалада перзентханадан жетімхана көп. Демек, құрсақтан шыға сала анасының мейіріміне қанып, уызына жарып, “дүниеге бір кірпіш боп қаланатын” толыққанды ұрпақтың несібесіне ортақтасқан тасбауыр тастандылар мен жөргексіз жетімдер көбейіп барады деген сөз бұл!
“Ескі тозады, заман озады” деп өзімізді-өзіміз қаншама алдарқатқанымызбен, балалар үйін бірінен соң бірін ашып, жетім жөргек тербетіп отырғанымыз – жетілгендіктің белгісі емес, әрине. Сол сексенінші жылдары осы қаладағы жетім балалар үйі бір-екеу-ақ еді. Солардың бірі өз үйімнің жанында (Мыза көшесінің маңында) болды. Бірдей киім киініп, бірінің қолынан бірі ұстап, үйректің балапандарындай тізіліп кетіп бара жатқан ата-анасыз пақырларды көрген сайын жүрегім қан жылайтын. “Ойпырым-ай, қасқыр екеш, қасқыр да күшіктерін тастамаушы еді, іштен шыққан өз перзентін қалай қиып үкіметке өткізіп тастайды екен осылар?!” деп жаным ауыратын. Өз сауалыма өзім жауап таппай дал болатынмын. Ал бүгін ше? Бүгін өз құрсағынан шыққан сәбиін үкімет үйіне апарып тастау деген аздап болса да санасының саңылауы барлардың емес, жүрек жылуынан мүлде ада қарлардың ісі болды. Көрер көз бен естір құлақ одан да сорақысын, оны он орап алатын сұмдықты көріп-естіп жүрсе, не шара?!
…Өскеменнің қақаған қысында панасыз жүрген қаңғыбас адам Новаторов көшесіндегі қоқыс салатын жәшіктен жаңа туған нәрестенің қызылшақа денесін тауып алды. Өзіміз кейде жанымыздан жанай өтсе жиіркеніп, адам санатына қоса бермейтін сол қайыршы қатып қалған шақалақты жанында жалаңдап тұрған итіне тастай салмай, милицияға хабарлаған. Тексере келгенде баланың ана құрсағынан тірі туғандығы, үсіп өлгендігі анықталды. Анда-санда сол жәшіктердің жанынан өткенде жүзімді бұрып әкетемін...
…Өскемендегі жоғары оқу орындарының бірінің жатақханаларының жанында тұратын жалғызбасты кемпірдің кәндені қоқыс жәшігінің жанынан бір әп-әдемі ақ сүйек тауып алады. Мән бермеген иесі итіне ермек болсын деп әлгі сүйекті үйіне әкеліп, кәнденін ойнатып жүреді. Бір күні анасының хал-ахуалын сұрауға келген хирург ұлы иттің тістелеп ойнап жүргені – жаңа туған сәбидің тоқпан жілігі екенін айтқанда, кемпір байғұс талып қала жаздаған.
Бұл сұмдық оқиғаға ішін тартып, жағасын ұстағандар да болған. Біреулер заң орындарына хабар да салған. Артынан көп өтпей-ақ сол жатақханалардың бірінде жасырын босанып, тірі сәбиді ораулы күйінде жәшіктердің жанына апарып тастаған қыз да табылған. Бірақ сол қызға ештеңе де болған жоқ, аман-есен оқуын бітіріп кетті. Сонда мұндай жүзі қараларды жазалайтын заң жоқ па бізде, әлде сондайларға арналған бап жоқ па? Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексін парақтап қарасақ, ондай баптар бар да екен. Атап айтқанда, нөмірі 119-бап “Қауіпті жағдайда қалдыру” деп, ал 97-бап “Жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі” деп аталады. Егер біз тілге тиек етіп отырған қылмыстық іс осы баптардың біріне (әсіресе 97-бапқа) сәйкес келетін болса, ондай адам төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуға тиіс екен. Бірақ сол баптың орындалғанын, шаранасы құрғамаған шақалақты далаға лақтырып тастаған тасжүрек қыздардың заң жолымен сотталғанын өз басым естіген де, көрген де емеспін. Бізде кез келген заңның кейбір баптарының орындалмай жататынын олар да жақсы біледі. Сондықтан ешкімді пысқырмайды да. Тіпті “Тастасам өз балам, онда сенің шаруаң қанша?” деуден де тайынбайды ондайлар.
Бұл енді азғындықтың бір түрі шығар. Ал тірі жетімдеріміз ше? Бұдан үш жыл бұрынғы деректерге сенсек, Қазақстанда жиырма мыңға жуық бала жетімдер үйінде тәрбиеленуде деген. Үкімет оның жартысын жасырып айтады. Содан бері ондай балалардың саны көбеймесе, азая қойған жоқ. Сонда бұлар енді бес, он жылда қанша болмақ? Ең бір өкініштісі – соның ішінде қазақтың қарадомалақтары да жетерлік. Иманды жұрттың өзі керексіз ғып далаға лақтырып тастаған қажетсіздер. “Жас өспей ме, жарлы байымай ма?” дейді сол қазақтың өзі. Ал сол тастандылардың өзін далаға тастап кеткен адамдарға деген ертеңгі көзқарасы, мейірім, құрметі қандай болмақ?
Қазақстан Республикасы Ішкі істер минис-трлігінің мәліметіне қарағанда, қазір (2011 жылы) арақкеш ата-аналардан ажыратылып алынған 5 мыңға тарта тірі жетім Үкіметтің асырауында көрінеді. Ал 20 мыңдай бала әке-шешесі ішімдікке салынған, бірақ әл-әзір ата-аналық құқынан айырыла қоймаған берекесіз отбасыларының құқайын көруде.
Тіпті қанды қырғын жаугершілік заманда да жесірін жылатпаған, жетімін жат елге шығартпаған ел едік ғой. Бүгінгімізге не жорық? Шаранасы да кеппеген өз сәбиін шырылдатып, күресінге тастағанды қай атаңнан көріп ең?! Қазір шетелге бала сату деген үлкен бизнеске айналды! Осы мәселенің соңына түсіп жүрген жанашыр азаматтардың айтуына қарағанда, бүгінгі күні шетелге (көбін АҚШ-қа) алып кеткен жүздеген баланың тағдыры белгісіз көрінеді.
Рас, заманның нәубетінен, тағдырдың басқа салған талқысынан әкесінен не анасынан амалсыз айырылған жетім ұрпақтың заманы біздің тарихымызды да айналып өтпеген.
Біз – жетімдерміз!
Жетімдерміз!
Ақпанның,
Аяз-қардың өтіндеміз.
Мына сараң өмірден сауға сұрап,
Тіршіліктің мазасын кетіргенбіз… – деп Мұқағали жырға қосқан жетімдер – сондай жетімдер. Олардың жөні бөлек. Олар ата-анасынан айырылса да, ауыл-жұрттың алақанында өсті. Ел ішінде тәрбиеленді. Халқының кең пейілінен де, мол мейірінен де сырт қалған жоқ. Бүгін ше? Бүгін сол кезде айтылған “жетім көрсең жебей жүр” деген ата сөзі әдірем қалды. Туа сала жатырынан жеру деген дағдыға айналып барады.
...Осыдан біраз жыл бұрын жұмыс бабымен қаланың Жібек маталар шағын ауданындағы Ана мен бала орталығына барғанбыз. Сондағы тастандылар жатқан бөлімді көріп, “Бекер-ақ келген екенмін!” деп өкінгенім әлі есімде. Негізінен перзентхана болғанымен, сол жылдары оның бөлімінде тастанды балалар үшін арнайы бөлімше ашуға мәжбүр болған. Тәртіп бойынша белгілі бір мерзімнен кейін сәбиханаларға немесе қаладағы басқа да балалар үйлерінің біріне ауыстырылуға тиіс болса да, оларда орынның жоқтығынан үш-төрт, тіпті бес айға дейін перзентханада жатып қалған балаларды көзіміз көрген. Зыряннан келіп босанған 36 жасар қара көз келіншек егіз боп туған ұлдарының екеуінен де бас тартқан. “Үйімде тағы екі ұлым бар, төртеуін бірдей қалай асыраймын?” деп шаптыққан. “Онда неге көтердің, енді бұлардың обал-сауабы кімге?!” дегенбіз біз де өзеуреп. “Бір қателік жасаппын, енді түсініп отырмын” деген ол жыламсырап.
«Бала көтеру деген қателік емес. Ол – Алла тағаланың Ана деген Адамға ғана бере салған, соның ғана пешенесіне жазған қасиетті нұры, қастерлі сыйы! Ал бала тастау деген де қателік емес, ол – қылмыс, азғындық! Аналық ақ парызын өтей алмаған әйелдің жазасын құдай береді!».
Бірақ көкейімізге кеп қалған бұл ауыр сөздерді біз ол келіншекке дәтіміз барып айта алмай кеткеміз. Енді ойлап отырмын – айту керек еді!..
Қылмыс дегеннен шығады, түрік ағайындар осындай қылмыстың алдын алу үшін әрі өз ұлтының балаларын тағдырдың тәлкегіне тас-тап, қараусыз қалдырмау үшін ХVІІ ғасырдың өзінде-ақ “Жанашыр” деген науқан жариялап, жетім балаларды жебеудің үлгісін көрсеткен. Жапонияда баланы далаға тастамақ түгіл ерлі-зайыптылардың ажырасуының өзі үлкен күнә, қылмыс саналады. Бүгінгі ұрпаққа тәмсіл боларлық ондай ұлағатты мысалдар өзге ағайындарда да баршылық. Ал біздің елімізде өз қағынан өзі жеріген немесе тірі сәбиді шырылдатып күресінге тастағандарға неге қатаң жаза қолданбасқа? Бала-шағасының қамы үшін бір қап жем ұрлаған жігітті үш жылға соттаймыз. Ал өмірге әдейі әлгіндей “өшпенді ұрпақ” әкеліп, тасбауыр тастандылар санын қасақана көбейткен безбүйректер сайрандап, тайраңдап жанымызда жүр. Саралап көріңіз, қоғамға қайсысы қауіптірек?
Біреулер бәлкім, “бұл деген айта-айта әбден жауыр болған жыр емес пе?” деуі де мүмкін. Иә, бұл – тәуелсіздік алғалы бері айтылып та, жазылып та келе жатқан мәні үлкен мәселе. Бірақ соған құлақ асып, артының салдарын ойлаған, себебіне терең бойлаған билік тармақтарын көргеніңіз бар ма? “Ит үреді, керуен көшеді” деген қылық. Ел тағдырына, мемлекет мүддесіне деген немкеттілік. Тастандының тағдырын ол “товарға” айналып, шетелге сатыла бастағанда ғана ойлап, өзімізше байбалам салған боп жатырмыз. Ал бұған дейін қайда қалдық? Қазір қандай шара қолданылып жатыр, халық одан бейхабар.
Тастандыларымызды жетімханалардан ғана іздеп, сол үйлерден түгендеп алғанша, соны болдырмаудың амалын неге қарастырмайды біздің билік? “Елемеген ауру жаман, ескермеген дау жаман” деген сөзді балаға арнап күй тартып, ән шығарған, ұрпағы үшін шырылдап отқа түсіп, ажалға да қаймықпай қарсы барған қаймана қазақ өмірдің өзінен алған. Бірақ соны елеп-ескере бермейтініміз қынжылтады. Ал бұқаралық ақпарат құралдарындағы статистикаға ден қойсаң, төбе шашың тік тұрады. Жылдан-жылға бала туу азайып, тас-танды қара көздер мен балалар өлімі көбейіп келеді. Елімізде өткен бір жылда ғана 935 адам ата-аналық құқынан айырылыпты. Демек, соншама сәби тірі жетім боп қалды деген сөз. Бұл аз ба, көп пе? Қайда барып тұрақтайды бұл қылмыс?! Ойлаудың өзі қорқынышты.
Әсілі, уыз ембеген ұрпақтың обал-жазығы оңдыра қоймас!..

Жұмағазы Игісін

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив