KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Кубалық легионер Юнеска Роблес "Алтаймен" ат құйрығын кесісті

8.10.2018, 06:45 225


Әлеуметтік желілерде «өскемендік «Алтай» волейбол клубының кубалық легионері Юнеска Роблес Батиста командадан кетті. Оған бірнеше себеп бар, негізгілерінің бірі – ақша мәселесі» деген ақпарат тарай бастаған-ды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


25 жастағы спортшының өзі БАҚ өкілдерінің біріне берген сұхбатында бұл жағдай жөнінде былай депті:


– Соңғы кезде қосалқы құрамда қалуым жиілеп кетті. Ал мен үшін бұл тиімсіз. Себебі, мен спорттық бабымды жоғалтып алуым мүмкін.

Аталған сұхбатты жүргізген журналист кубалық волейболшы қыздың өскемендік командадан кетуінің тағы себебі жалақысын уақытында ала алмай келгені болды деп жазады.


Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында біз «Алтай» волейбол клубының баспасөз қызметіне хабарласқан едік, ол жақтан төмендегідей жауап алдық:


– Кубалық волейболшыға қатысты осындай мәселенің туындау себебі оның спорттық бабына тікелей қатысты. Өздеріңіз де білерсіздер, «Алтай» волейбол клубының қыздар командасы алдағы желтоқсан айында Қытайда өтетін клубтық Әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Соған байланысты команда бірнеше жаңа ойыншымен, танымал легионерлермен толықты. Юнеска Роблес Батиста болса, сол ойыншылармен бәсекелесе алмай, негізгі құрамдағы орнын жоғалтып алды. Осыған байланысты, клуб басшылығы мен бапкерлер құрамы Юнесканы «Алтайдың» екінші командасына ауыстыруды жөн деп тапқан. Ондағы ойы – тәжірибесі мол кубалық легионер негізінен жас волейболшылардан құралған «Алтай-2» командасына көп пайдасын тигізіп, ұжымды алға сүйреуі тиіс болатын. Алайда, Юнеска мәселені өз бетінше, басқалай шешіпті. Ол клуб басшылығына еш ескертпестен командадан кетіп қалған. Соңғы ақпарат бойынша, Юнеска Роблес Батиста талдықорғандық «Жетісумен» келісімшарт жасасыпты. Біз үшін бұл әрине күтпеген жайт болды. Өйткені, клуб басшылығы оған зор сенім артқан болатын. Алайда, ол бұл сенімді ақтай алмады.


Естеріңізге салайық, Юнеска Роблес Батиста «Алтай» құрамында үш маусым өнер көрсетіп, командаластарымен бірге үш дүркін ел чемпионы атанған болатын. Ол тіптен Қазақстан азаматтығын да алып үлгерген. Дегенмен ұлттық құрама сапында Юнеска әзірге бірде-бір ойын өткізбепті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив