KZ
Өскемен
+2°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОБ
492.14 528.85 5.01

Юнеска Роблес "Алтай" клубынан неге кетті?

18.10.2018, 12:04 214


«Алтай» волейбол клубының Юнеска Роблес Батистаға қатысты ұстанымы толықтай дұрыс. Бұл туралы волейбол әлеміне танымал спорттық агент Андрей Ткаченко мәлімдеуде, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Оның айтуынша, «Алтай» клубының басшылығы ешқандай заңға қайшы әрекетке барып отырған жоқ.


– Ең алдымен, келісімшарт деген ол біржақты дүние емес, соны түсіну керек. Әр тараптың өз міндеттері болады. Мәселен, клуб волейболшыға ойнап, жаттығуға қажетті барлық жағдайды жасауға міндеттеледі, ал ойыншы болса, белгіленген спорттық режимді қатаң сақтап, өзіне артылған үмітті ақтауы тиіс. Қазіргі кезде ойыншының бір командадан екінші командаға ауысуы мен келісімшарт жасауы сияқты әрекеттер Қазақстан Республикасы волейбол федерациясының, елдің еңбек кодексі мен ФИВБ-ның (Халықаралық волейбол федерациясы) регламенттеріне сай жүзеге асырылады. Әдетте, жасалған келісімнің шарттарын бұзған жағдайда ойыншы белгілі бір сомадағы өтемақыны төлеуі тиіс. Өйткені, клуб тарапы ойыншының халықаралық трансфер сертификатын әзірлеуге, оның жалақысын төлеуге және басқа да қажетті құжаттарды даярлауға айтарлықтай шығындалады. Осы шығындардың бәрін есепке ала келе өтемақы мөлшері де белгіленеді. Ал ойыншы шетелдік болса, онда міндетті түрде оның бұрынғы клубының келісімі қажет. Бұдан кейін трансферге қатысты біраз құжат әзірленеді. Оның бәрі уақыт алады. Менің ойымша, мұндай жағдайда екі клуб өкілдері кездесіп, өзара бітімге келуі тиіс. Әйтпегенде, ойыншы үшін алдағы маусымды зая кетуі мүмкін, – дейді А.Ткаченко.


Маманның сөзін «Алтай» волейбол командасының бұрынғы ойыншысы әрі капитаны, Юнеска Роблес Батистамен бірнеше жыл бойы бірге ойнаған Инна Матвеева да құптап отыр.


Оның ойынша, жағдайдың  ушығуына клуб тарапы кінәлі емес.


– Мен Юнесканы жақсы білемін, неше жыл бойы әріптес болдық. Алайда, қалыптасқан жағдайда клуб тарапынан ешқандай қате әрекет жасалған жоқ деп есептеймін, бәрі де заң жүзінде болды. Бұл жерде волейболшының қызбалыққа салынып, эмоцияға берілуі және үшінші тараптың араласуы сияқты факторлар кері әсерін тигізгенге ұқсайды. Сондықтан, тараптар тез арада бір мәмілеге келуі тиіс деп санаймын, – дейді тәжірибелі ойыншы.


Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын «Алтайдың» кубалық легионері Юнеска Роблес Батистатың клуб басшылығына еш ескертпестен, командадан кеткені мәлім болған. Артынша 25 жастағы спортшы БАҚ өкілдерінің біріне берген сұхбатында:


«Соңғы кезде қосалқы құрамда қалуым жиілеп кетті. Ал мен үшін бұл тиімсіз. Себебі, мен спорттық бабымды жоғалтып алуым мүмкін», – деп мәлімдеген.


Аталған сұхбатты жүргізген журналист кубалық волейболшы қыздың өскемендік командадан кетуінің тағы себебі жалақысын уақытында ала алмай келгені болды деп те жазды.


Айта кетейік, жақында «Алтай» волейбол клубының басшылығын сотқа берген Юнеска Роблес Батиста бүгінде талдықорғандық «Жетісу» сапында жаттығып жүр деген ақпарат бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив