Өскемендік жас әнші патриоттық бейнебаян түсірді (видео)
Өскемендік Дарья Шмаленко аймақ жұртшылығына бұрыннан жақсы таныс. Төрт жасынан бастап үлкен сахна төрінде ән салған Даша талай республикалық, халықаралық деңгейдегі әншілік сайыстарда жеңімпаз атанды. Небір атақты өнер майталмандары Дашаның талантын мойындап, болашақта зор үміт күттіретін әнші болатынына сенім артқан екен. Оның фотосуреті небәрі 14 жасында-ақ қаладағы «Даңқ аллеясына» ілінген болатын.
Бүгінде Дарья Шмаленко музыкалық училищенің 4 курсында дирижер мамандығы бойынша білім алумен қатар өз шығармашылығын ары қарай шыңдауда. Жуықта ол Конституция күніне орай Сергей Германцевтің «Земля Казахстана» атты тамаша әніне жеке бейнебаянын түсіріпті. Бейнеклиптің операторы – Евгений Домашев.
Айта кетсек, бұл Дарьяның алғашқы бейнебаяны емес. Осыған дейін түсірілген екі бейне клипы бар. Олардың бірін, тіпті, белгілі режиссер әрі продюсер Еркен Ялгашев түсірген екен.
-Шындығында, бейнебаян үшін арнайы идея құрылған жоқ. Дәл осы әнге клип түсіру идеясы ғана пайда болды. Клиптегі әр эпизод қойылымдық емес, импровизация болып табылады. Көп нәрсе бейнебаянды түсіру барысында ойлап табылғандықтан, клип жанды, ешбір жасандылықсыз шықты деп ойлаймын, - дейді Дарья.