Өскеменде "ауадан" 11,4 млн теңге жасаған әйел сотталды
Өскеменде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 11,4 млн теңге жымқырған әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Күдікті өзінің әрекетін осыдан 5 жыл бұрын бастаған. Ал қылмысы тек 2016 жылы ғана әшкереленген.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша әлеуметтік жұмысқа тартылған адамның еңбекақысын 50 пайызға дейін мемлекет субсидиялайтынын білген әйел 2013 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Алғашқы бірнеше айда ұсақ саудамен айналысып, «Возрождение» атты пәтер иелері кооперативін құрады. Кейін жұмыспен қамту орталығы арқылы осы коопертивті мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс берушілер тізіміне енгізеді. Құжат жағын толық пысықтаған соң қағаз жүзінде 30 адамды жұмысқа «қабылдайды». Оларға төленетін еңбекақының 50 пайызын субсидиялау үшін мемлекет бюджетінен әрқайсына 20-300 мың теңге көлемінде ақша аударылып отырған. Осылайша, алғашқы әрекеті арқылы-ақ пәтер иелері кооперативінің иесі 4 млн теңгеден астам қаражатты қалтаға басқан.
Күдікті мұны қанағат тұтпай, туған анасы мен күйеуін де жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, олар арқылы да заңсыз жолмен мемлекет ақшасын ұрлаған. Осылайша тағы 35 адам құжат жүзінде жұмысқа «қабылданып», мемлекеттен 7 млн теңгеден астам субсидия төленеді.
«Сот барысында әйел өзі кінәсін толық мойындап, мұндай заңсыздыққа науқас қызын емдету үшін барғанын айтты. Ақшаның бір бөлігін пәтер иелері кооперативінің «есік орнату», «жол төсеу», «электр сымдарын тартқызу», «аялдамалар қою» сияқты шаруаларына шығындағанын да алға тартып бақты. Сот күдіктіні 3 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттен жымқырған ақшаны толық күйде қайтарып беруге міндеттеді. Алайда, сотталушының 6 жасар қызы бар екенін ескеріп, үкімнің орындалуын 5 жылға шегере тұру жөнінде шешім қабылдады» - делінген №2 қалалық соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.