KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 3 м/с, З
481.84 531.33 5.07

Шығыстың шымыр спортшылары жүлде салды

5.09.2018, 10:20 166


Талдықорғанда биыл кезекті рет ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей-командалық ел чемпионатын өтті. Бұл сыннан шығысқазақстандық зілтеміршілер де шет қалмады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Біздің команданы Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Ұлттық құрама мүшесі Денис Уланов бастап барған еді. Чемпионаттың алғашқы күні-ақ команда қоржынына қос бірдей қола түсті. Елена Переяславская мен Диана Абдуллаева 45 және 49 кг салмақ дәрежесінде жүлдеге ілікті. Келесі болып, семейлік Ринат Баширов 67 келіде өз мүмкіндігін байқады. Олимпиада ойындарының жүлдегері Фархад Харки мен қызылордалық Бексұлтан Айтбайға ғана есе жіберіп, ерлер арасында алғашқы жүлдені әперді. Қоссайыс бойынша 240 келіні еңсерді.


Айта кетейік, жарыс бұл жолы Халықаралық Олимпиада комиеті бекіткен жаңа салмақпен өткізілді.


Тағы бір жас спортшымыз Владимир Васильев бұл жолы да қоланы қанағат тұтты. Негізгі қарсыласы Алматы облысынан келген Анатолий Савельев жұлқа және серіппе жаттығулары бойынша жоғары дайындықпен келген екен. Қоссайыс бойынша 15 келіге ұзап кетті. Ал күміс жүлде иеленуге тек бір келі ғана жетпеді. Тағы бір Алматы облысының өкілі Еламан Сейтқазы жұлқа көтеруде сол бір келіні артық көтеріп кетті. Нәтижесінде Владимир Васильев кезекті қола медальді иеленді.


Одан бөлек, 76 келідегі Екатерина Быкова алдына жан салмады. Ол әйелдер командасы қоржынына жалғыз алтын жүлдені салса, 59 келідегі Лидия Ануфриева күміс медаль еншіледі.


Осылайша, кезек команда үздігі Денис Улановқа жетті. Сабырлы қалпынан бір танбайтын тәжірибелі спортшы жұлқа жаттығуында 160 келімен тоқтады. Себеп – иығындағы жарақат. Сондықтан үлкен тәуекелге бара қоймады. Жаттығудың екінші түрінде бірден 200 келіден бастап, оны аз-кем қиындықпен еңсергенін байқауға болады. Тіпті, тұғырдан түскенде жарақатын ауырсынып бара жатқандай болды. Осылайша тек бір мүмкіндігін пайдаланып, жарысты аяқтайды. Ал бұл ретте, қарағандылық Артем Антропов 197 келіні көтеріп, соңынан ілесіп көрді. Алайда, 203 келіге келгенде зілтемір бағынбады. Сөйтіп, күміспен күптелді. Осы салмақта үздікті үштікті алматылық Әлішер Сейітқазы түйіндеді. Және де соңғы жүлде, ерлер командасындағы жалғыз күмісті 109 келіден жоғары дәрежедегі Евгений Колесников қанжығасына басты. Бұл салмақта Алматы қаласының үздігі Ердос Сайлау чемпион атанды.


Осындай нәтижемен 232 ұпай еншілеген шығысқазақстандық ауыр атлеттер Қызылорда және Алматы облыстарының споршыларынан кейін үшінші орынға жайғасты.


Алдағы уақытта жаңадан құрама жасақталып, қараша айында Ашхабадта өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғамақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив