Өскеменде Глубокое ауданының жәрмеңкесі өтті
Өскемендік тұрғындардың сенбі күн таң атысымен жәрмеңкеге жиналуды әдетке айналдырғандарына біраз болған.
Қыркүйек айынан бастап облыс орталығында “Туған жер - алтын бесігім” жобасы аясында әр ауданның мәдени күндерін өткізу қолға алынған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл жолы кезек Глубокое ауданына келіп жетті.
Таң атысымен “ТНП” сауда үйінің алдындағы алаңға жиналғандардың қарасы көп. Әсіресе, ет пен орман өнімдерін сататын нүктелерде кезек қалың.
Көптің көңілінен шыққан жәрмеңкеге ет, сүт өнімдерінен бөлек, орман өнімдері, бал мен көкөніс әкелінген. Бағасы да қолжетімді. Жылқы еті 2500, сиыр еті 2300, ал қой еті 2200 теңгеге бағаланыпты.
Бұл күні аудан әкімдігі келушілерге арнап концерттік бағдарлама мен гір көтеру, қол күрес сынды ойындар ұйымдастырды. Сондай-ақ жәрмеңке қонақтарына ыстық шай мен бауырсақ, тәтті дәм таратылды.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев жәрмеңкеге өнімдерін арнайы әкелген шаруалармен кездесіп, кәсіптері туралы сұрап білді.