KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 2 м/с, В
479.05 534.57 5.17

ШҚО-да алматылық жігітке іздеу салынуда

26.01.2019, 07:25 252

23 жастағы алматылық Медетхан Серімбетовке Шығыс Қазақстанда іздеу салынуда. Ол 2017 жылдың 7 қарашасында Алматы қаласында ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Алайда жас жігіттің жақындары Шығыс Қазақстан аумағынан іздестіруде. Медетханның ағасы Тәуіржан Серімбетовтың ойынша, оны шаруа қожалықтарының бірінде ұстап отыруы мүмкін. Мұндай хабарды оған белгісіз бір ер адам телефон арқылы берген екен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Медетхан жоғалып кеткеннен бері 1,5 жылдай уақыт өтті. Осы күнге дейін одан еш хабар жоқ. Жас жігіт негізінен Қызылорда облысының тумасы екен.


– Медетхан Алматыда тұратын. Техникалық қызмет көрсету станциясында жұмыс істеді. Ол соңғы рет 2017 жылдың 7 қарашасында байланысқа шықты да, із-түссіз жоғалып кетті. Ұялы телефоны сөндірулі. Бұрын ол ешқашан хабар-ошарсыз кетіп көрген емес, ата-анасына күнделікті қоңырау шалып отыратын, – дейді Тәуіржан Серімбетов.


Медетханның туыстары оны іздестіруге бар күштерін салуда: телеарналардан, Rina.kz еріктілерінен көмек сұрап, ресейлік "Жди меня" жобасының сайтына да өтініш қалдырған.


Сол кезде белгісіз біреу Тәуіржан Серімбетовке қоңырау шалады.


– 2017 жылдың 12 желтоқсанында Шығыс Қазақстаннан белгісіз нөмірмен Асқар есімді ер адам хабарласып, Медетханды бұрынғы Марқакөл ауданында тұратын Өмірбек есімді малшының үйінен көргенін айтты. Мен бұл нөмірге қайта қоңырау шалуға тырыстым, бірақ сөндірулі болды, – дейді ағасы.


Жоғалған азаматтың туыстары бұл қоңырау туралы полицияға хабар берді. Бірақ ондағылар оған сенімсіздік танытқан екен.


– Полициядағылар хабарласқан адамның алаяқ болуы мүмкін деп айтты. Олар осылайша пайда табады екен, – дейді Тәуіржан Серімбетов. – Ал рас болса ше? Бәлкім біреулер Медетханды еркінен тыс ұстап отырған шығар?


Серімбетовтермен хабарласқан телефон нөмірінің иесі де анықталыпты. Ол Үржар ауданынан Асқар есімді біреу болып шықты. Бірақ оның қандай мақсатта Медетхан туралы мұндай ақпарат бергені сол беті анықталмай қалыпты.


-«Ол адам – алаяқ» деген жауап қана алдық полициядан, - дейді Тәуіржан Серімбетов. – Тағы бір-екі адам бар екен Алматы жақтан көрдік деп айтқан. Солармен байланысу үшін Медетханның анасы қазір Алматыда жүр.


Медетханның ШҚО-да болуы мүмкін деген ақпаратқа полиция қызметкерлері сенімсіздік танытқанымен, туыстарында «мүмкін» деген әлі де бір үміт бар екен.


Медетхан Серімбетовты көргендер болса, не ол жайлы қандай да бір ақпарат білсеңіздер, біздің редакцияға немесе 8-701-563-77-88 нөмірі бойынша Тәуіржан Серімбетовке хабарласуларыңызды сұраймыз. Ерекше белгілері: бойы 175 сантиметр, дене бітімі арықтау келген.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив