KZ
Өскемен
+23°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Тұрақтандыру қорының көкөністеріне өскемендіктердің көңілі толмайды

18.01.2019, 09:56 136

Өскемендегі тұрақтандыру қорының көкөністері арзан болғанымен,сапасы нашар екендігін айтады қала тұрғындары. Тұтынушылардың пікірінше, картоп ұсақ, ал сарымсақ, сәбіз және орамжапырақтың дені босап кеткен. Бұл жайттың анық-қанығына көз жеткізу үшін қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары арнайы рейд жүргізді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


– Тұрақтандыру қорының дүңгіршектерінде саудаланатын өнімдер керемет деп айта алмаймын. Кейбірі тіпті үсіп те кеткен, –дейді базаршылап жүрген қала тұрғыны Юлия Кузнецова.


Бірақ қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, қандай ауа райы болса да, тасымал кезінде көкөністер бұзылмайды.


– Өнімдер жақсы жағдайда сақталған.Оларды қалаға жеткізетін көліктердің дені минус 30-40 градус аязға шыдайды. Ал егер баға негізсіз шарықтап кетті, өнімдерге көңіліміз толмайды дейтін тұрғындар болса, олар Монополияға қарсы комитетке хабарласып, шағымдана алады, - дейді Олжас Құдайбергенов.


Айта кетейік, Өскемендегі тұрақтандыру қорына өткен жылы 3,3 мың тонна көкөніс жеткізілген. Қоймадағы өнімдердің сатылымы жаман емес, мамыр айына дейін жететін қор бар. Облыс тұрғындары мамырдың соңына дейін көкөністің төрт түрін 65 және 72 теңгеден сатып ала алады.


Қазір Өскеменде тұрақтандыру қорының 60 дүңгіршегі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ меморандум аясында қор өнімдерінің бағасына 10 пайыздан артық үстеме қоспай сататын сауда орындары тағы бар. Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, апта сайын арнайы топ өкілдері рейдке шығып, бағаны бақылауда ұстауда.


– Тұрақтандыру қорының өнімдері Өскемендегі көкөніс бағасының шарықтамауына ықпал етіп отыр. Сол себептен келешекте қала іргесінде орналасқан ықшамаудандарда да қолжетімді бағадағы азық-түліктерді сататын дүкендерді ашу жоспарда бар, - дейді ол.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив