Қаржы министрі Мәди Такиев келесі жылы "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында қазақстандық балаларға қанша қаражат бөлінетінін айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұрторе Жүсіп Үкімет пен Ұлттық банк өкілдерінен балалардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшоттарындағы ақшаның инфляция мен құнсызданудан қалай қорғалатынын сұрады.
"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы аясында осы жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан азаматтары болып табылатын барлық балалардың БЖЗҚ есепшотына Ұлттық қордан алғашқы қаражат аударылды. Бағдарламаға 6,9 миллион бала қатысты. Осыған байланысты менің сұрағым: Ұлттық қордан мақсатты трансферттер бөлу оның активтеріне және "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасын іске асыруға қалай әсер етеді? Біз балалардың болашағына зиян келтіріп жатқан жоқпыз ба? 2024 жылдың қорытындысы бойынша және алдағы жылдары әр балаға қанша ақша аударылады?" – деп сұрады сенатор.
Қаржы министрі Мәди Такиев балалардың есепшотына аударылған және сақталатын қаражаттың долларда болатынын, сондықтан инфляциялық әсерден қорғалғанын айтты. Сонымен қатар, бұл сома өсіп отыратынын атап өтті.
"Инвестициялық табысқа келетін болсақ, биыл біз оны 2,6 пайыз деп есептедік. Келесі жылы бәрі жақсы болса, 3 пайызға дейін жетеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта 1 қаңтарға 118-120 доллар көлемінде есептеп отырмыз. Бірақ 1 ақпанға дейін нақты есептеп, нақты соманы айтамыз", – деді Такиев.