ТЖМ: Газ баллондарын қолдану кезінде аса сақ болыңыз
Газ баллондары бар үй-жайлардағы өрт – ең қауіпті жағдайлардың бірі. Жарылыс қаупі тұрғындар үшін өмірге қауіп төндіреді, сондықтан газ баллондарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау маңызды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың басынан бері елімізде газ-ауа қоспасының өршуінің 107 жағдайы тіркеліп, салдарынан 77 азамат түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Өрт орындарынан Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) аумақтық бөлімшелері 1 612 газ баллонын қауіпсіз жерге шығарды. Оның ішінде 458-ден астамы – 50 литрлік, 1 220 баллон – 27 литрлік.
Газ баллондары бар нысандардағы өрт – ең қауіпті жағдайлардың бірі. Жарылыс қаупі болған кезде құтқарушылардың әрбір әрекеті адамдардың өмірін сақтауда шешуші рөл атқарады. Өрт сөндірушілер өз өмірлерін қатерге тігіп, адамдарды және жарылыс қаупі бар баллондарды дер кезінде қауіпсіз жерге көшіруде. Осындай кәсіби іс-әрекеттердің арқасында ондаған отбасы мен тұрғын үйдің амандығы қамтамасыз етілді.
ТЖМ азаматтарға газ баллондарын пайдалану кезінде төмендегі қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынады:
• Баллондарды тек мамандандырылған пункттерде толтырыңыз. Автожанармай құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарын толтыруға тыйым салынады.
• Екі қабаттан асатын тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдаланбаңыз.
• Баллон корпусын жылытуға жол бермеңіз.
• Үй-жайда газдың иісі пайда болса, газ беру кранын жауып, терезелер мен есіктерді ашып желдетіңіз; ашық отты пайдаланбаңыз, электр қуатын қоспаңыз.
• Жұмыс істеп тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз.
• Балалардың газ құрылғыларын өз бетінше пайдалануына жол бермеңіз.
• Газдың ағып кетуін тексеру үшін сабын ерітіндісін қолданыңыз.
Газ баллондарын дұрыс пайдалану өрттің алдын алуға және қайғылы оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.