KZ
Өскемен
-2°
небольшой снег жел 1 м/с, З
504.49 587.73 6.57

Үйіне кіріп, он миллионды қолды қылған – ШҚО-да ірі ұрлық ашылды

28.11.2025, 14:30 96 Базарова Айгүл

Өскеменде «102» арнасына хабарласқан қала тұрғыны үйіне бөгде адамның кіріп, қомақты қаржысын ұрлап әкеткенін жеткізген. Жедел жеткен полиция қызметкерлері жүргізген алғашқы тексеру кезінде ұрының дәліздегі пластикалық терезені ашып, үйге оңай кіргені анықталды. Аз уақытта ақша мен бағалы әшекейлерді түгелдей жиып-теріп, ізін суытқан, деп хабарлайды Altainews.kz.

Зардап шеккен тұрғынның шығыны он миллион теңгеден асқан. Алайда қылмыскер ұзаққа қашып құтыла алмады. Тәжірибелі жедел топтың қырағылығының арқасында күдікті көп ұзамай қолға түсті. Ұрлық жасады деген күдікпен 33 жастағы ер адам ұсталып, қазір «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полицейлер оның бұған дейін жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын да мұқият тексеріп жатыр.

Ең бастысы – ұрланған ақша мен зергерлік бұйымдар түгелдей табылып, иесіне қайтарылды.

ШҚО Полиция департаменті тұрғындарға сақтықты күшейтуді ескертеді. Үйді дабыл құрылғысымен жабдықтау, сапалы құлып орнату, терезелерге қорғау торларын қою – қылмыскерлердің жолын кесетін ең тиімді тәсілдердің бірі.

Полицейлердің дер кезінде және үйлесімді әрекетінің арқасында ірі көлемдегі қылмыс әшкереленді. Бұл – өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы үздіксіз еңбектің нақты бір көрінісі.


Фото: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу