Ashyq қосымшасы AppStore-дан өшірілді
Ashyq қосымшасы AppStore-дан жоғалып кетті. 5 мамырдағы жағдай бойынша, Apple қосымшалар дүкенінен қазақстандық Ashyq табылмады.
Алайда оны орнатқандар пайдалана бере алады. Telegram-дағы FINANCE.kz арнасының мәліметінше, қосымша бұзушылықтарға байланысты жойылған болуы мүмкін.
Ashyq қосымшасының техникалық қолдау чатында бұл "уақытша техникалық қиындықтар" екені хабарланды. Әзірлеушілердің айтуынша, Ashyq қосымшасын жүктей алмаған IPhone қолданушылары мекеме күзетшісі арқылы тіркеліп отырады.
Қосымшаны әзірлеушілердің өкілі Виталий Пустовойтенко Facebook-те Ashyq қосымшасы AppStore-дан неге алып тасталғанын айтты.
"Келеңсіз әрі ыңғайсыз жағдай болды, біз сервистің жұмысын жақсарту үшін техникалық мәселелермен айналысып жатқанда, бір жерін жіберіп алдық: Ashyq тіркелген AppStore есептік жазбасы бір адамға жазылған, абоненттік төлемді уақтылы төледік, бірақ басқа адамның картасынан. Алайда биылдан бастап Apple компаниясының жаңа ережелеріне сәйкес, жазылым ақысы төленетін банк картасы міндетті түрде шот иесіне тиесілі болуы керек", - деп жазды ол.
Оның айтуынша, жақын арада қосымша қосылады.
"Сондай-ақ, қазір қосымша құқықтарын мемлекеттік органға беру процесі жүріп жатыр. Содан кейін мұндай жағдайлар туындамайды. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз", - деді Виталий Пустовойтенко.