25 қараша. Жылнама
pexels.com
Altainews.kz редакциясы 25 қарашаға арналған атаулы күндер тізбесін ұсынады.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюға арналған халықаралық күрес күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы 25 қарашаны 1999 жылғы желтоқсанның 17-індегі 54/134 қарарымен «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күрес күні» деп жариялады және мемлекеттерге, халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік емес ұйымдарға бұл күні қоғам назарын осы мәселеге аударуға арналған шаралар өткізуді ұсынды.
Түркі жазба тілін жаңғырту күні
1893 жылы 25 қарашада даниялық лингвист, полиглот Вильгельм Томсен алғаш рет көне түркі жазуының кілтін тауып, ғылым әлемінде айрықша жаңалық ашты. Осы кезден бастап, түркология тарихының жаңа тарауы басталды. Бұл, өз кезегінде түркітанушылардың түркі жазба ескерткіштерін толық аударып шығуына жол ашты. Уақыт өте келе, оған ХХ ғасырда Түркі елдерінің ғалымдары – түрік, қазақ, әзербайжан, өзбек және басқа да зерттеушілері қосылды. Қазір Еуразия көлемінде түрік бітікпен бәдізделіп өрнектелген 700-ден астам ірілі-кішілі бітіктас, ескерткіштер, жартастағы және түрлі зат-бұйымдардағы мәтіндер тіркеліп отыр. Қазіргі таңда Халықаралық Түркі академиясында көне түркі жазуын зерттеп, аударумен айналысатын «Түркология, алтаистика және моңғолтану» бөлімі қызмет істейді. Сонымен қатар, Академия тарапынан түркологияға елеулі үлес қосқан зерттеушілерге арналған, «Вильгельм Томсен» атындағы медаль шығарылған. Бұл мәртебелі медальмен қазіргі таңда түркология саласында тың жаңалық ашып, іргелі үлес қосқан 23 адам марапатталған.