Антикор теміржол жолаушылар тасымалын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізді
Фото: pexels.com
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет теміржол жолаушылар тасымалын жетілдіру және субсидиялау жүйесіндегі кемшіліктерді жою мақсатында нақты ұсыныстар жасады. Бұл туралы көлік министрлігінде өткен теміржол жолаушылар тасымалының проблемалық мәселелеріне арналған мәжілісте айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжілісте жолаушылар тасымалын субсидиялау жүйесінде жіберілген елеулі заңбұзушылықтар талқыланды. Мемлекеттік қолдау көрсетілгенімен, кейбір жеке тасымалдаушылар көрсетілетін қызмет сапасын тиісті деңгейде қамтамасыз етпей отыр.
Мәжіліс барысында Антикор қызметі тасымалдау сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Олардың ішінде вагондардың техникалық және санитарлық жағдайын жақсарту; мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бақылау; жолаушылардан келіп түсетін шағымдарды жүйелі түрде талдап, жедел шара қолдану.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәлімдеуінше, тасымалдау саласындағы олқылықтарды жою үшін мемлекеттік органдар мен тасымалдаушылардың бірлескен әрекеті қажет. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы – саланың басты басымдығы болып қала береді.